Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бес рет күйеуге шығып, төрт талақ естіген келіншек жанайқайын жеткізді

Жарияланған күні:

Астаналық Ақбота есімді келіншек бес рет тұрмысқа шығып, бес рет талақ алған. Бес күйеуінен алты баланы дүниеге әкелген келіншек жан сырымен бөлісіп, көз жасына ерік берді деп жазады "Еуразия" бірінші арнасының "Пендеміз ғой" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Фото: "Пендеміз ғой" бағдарламасынан
Фото: "Пендеміз ғой" бағдарламасынан: Instagram

17 жасында тұрмысқа шыққан Ақботаның алғашқы күйеуінен баласы болмаған. Оның айтуынша, арадағы ұрыс-керістен кейін бірінші заңды некедегі жұбайымен ажырасады.

Ажырасқанына бір жыл өткенде ағайындардың айтуымен, екінші күйеуімен танысқан. Алайда Ақбота екінші рет бұрын шаңырақ көтермеген азаматқа жар болады. Ер азамат Ақботаны бір көргеннен ұнатып, мешітте некесін қидырған.

"Мен ол кісіден көтеріп, қызымды өмірге алып келдім. Бірақ не болғанын, ол кісі менімен ажырасып кетті. Ол кезде қызым жасқа толмаған еді. "Сенімен ажырасамын. Қатын жолда, бала белде. Есік көрген қызды алып, мен қателік істеппін" деді. Бірақ ол кезде заңды некеге отырмағанбыз. Мен қызыммен бір жақта қалдым. Ол кісі өзі кетті. Осылай жылап-сықтап жүргенде екі жыл өтіп кетіпті", - дейді Ақбота.

Тағдыры тәлкекке түскен келіншек үшінші күйеуімен қалай танысқанын да жасырмады.

"Әлеуметтік желіде бір кісімен таныстым. Ол кісі бірақ сәлемі түзу еді. Өзінің суреті жоқ, парақшасында "намаз", "құран кітаптың" суреттері болатын. Мен ол кісінің суреттеріне қарап, намаз оқитын немесе намазға жақын кісі деп ойладым. Ол кісі өзі жазады. Бірақ мен оған жазбаймын. Екеуара сөйлесіп жүргеннен кейін мен ол кісіге екі мәрте тұрмысқа шыққанымды айтып бердім. Ал ол кісі маған жақсы сөздер айтып, "Баланың кінәсі жоқ қой" деді.
Адамның көңілі жарымжан болып жүргенде сондай сөздерге зәру болады екенсің. Алты ай сөйлескеннен кейін, ол кісі "сені әйелдікке аламын" деді. Алайда анам мен әкем "Қой қызым. Екі мәрте тұрмысқа шықтың ғой. Ұят болар. Одан да қызың үшін өмір сүрерсің" деп бұл шешімімді құптамады. Ол кісі маған қайта-қайта "тұрмысқа шық" дей бергеннен кейін, бірге тұрып бастадық", - деген келіншек үшінші күйеуінің де оғаш қылықтарын байқай бастаған.
"Бірге тұрып бастағанда ештеңені байқамадым. Арада уақыт өткенде, өзгерістер бола бастады." Неге балағы қысқа киім киіп жатырсың?" деп сұрадым. Ол кісі "Не қыласың? Не жұмысың бар? Сен әйел адамсың, жайыңды біл. Мен еркек адаммын" деді. Сол күннен бастап балағы қысқарып, сақалы ұзарды. Маған дөрекі сөйлеп, ешқайда шығармады. Бір жаққа кетеді. Үйге келмей қояды. Бізге де шектеу қойып, теледидар көрсетпеді.
"Ешқайда шықпайсың. Сенің жеп жатқандарың харам. Жеті шелпек пісірме" деді. Сосын біз қатты ұрысып, "Сен әйелім болуға лайықты емес екенсің. Мен саған разы емеспін. Мен сенімен ажырасамын" деді де, үш рет талақ айтып, кетіп қалды. Ол кісімен арада баламыз болмады", - дейді Ақбота.

Кейіпкер төртінші рет тағы да намаз оқитын азаматқа тұрмысқа шыққан.

"Сөйтіп жүргенде төртінші рет тұрмысқа шықтым. Ол кісі де намаз оқиды. Балағы қысқа емес. Бірақ ұзын сақалы бар. Ол кісі маған отын түсіріп берді. Таныстығымыз солай басталды. Содан не керек ол кісіге де тұрмысқа шығып, екі бала туып алдым. Екі баланы жылма-жыл босанып, арада үш жыл өткенде басталды. Ол кісімен ұрыс-жанжал болғанда, үйге бір топ еркек кіріп келді. Әртүрлі жастағы он шақты кісі келіп, күйеуім олардың көзінше талақ айтты.

Сосын "Сені мына кісіге сыйлаймын. Сені мына кісіге әйелдікке беремін. Тарту-сый ретінде әйел боласың" деп төртінші күйеуім мені үлкен кісіге берді. Мен келіскен жоқпын. Бірақ ол кісілер мені ортаға алып, "Сен осыған келіспесең, жаман әйелсің. Сен төрт еркектен шықтың. Сені еш еркек адам ретінде көрмейді. Сенің балаларың да харам" деді. Сол жерде мені ұрып, теуіп быт-шытымды шығарды. Мен негізі қаламағаныммен, мені күштеп бесінші күйеуім алып кетті. Осындай жағдай болып жүргенде мен балаларымды әкеме тастап кеткенмін", - деген Ақбота бесінші күйеуінен көрген бар қорлығын жайып салды.

"Ол кісі де күнде ұрып, таяқтың астына алады. Түрме қылып ұстайды. Жан-жағының бәрі жабық бір үйге алып барды. Тамақ дайын болмаса, ұрып-тепкілейді. Білгендерін істейді. Менің күресуге шамам қалмаған. Сөзбен де қорлайды. Ол кісінің аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Мен қатты қорықтым. Бесінші жолдасыммен төрт жыл тұрып, үш бала тудым.
Бір күні ол кісі сыртқа шығып кеткен. Ал телефоны қалып кетіпті. Телефонды маған ұстатпайтын. Төрт жыл аралығында ата-анам мен оларда қалған үш баламды көрмедім. Мен бірден анама хабарластым. Анам менің дауысымды естіп, жылап жіберді. "Мен осындай жағдайға тап болдым. Мені құтқарыңыз" деп жыладым. Әке-шешем мені іздеп тауып, құтқарды. Қазір енді бала-шағамның бәрі өзімнің жанымда. Пәтер жалдап тұрамыз. Ол кісілердің бәрі сыбайлас екен. Олар құрықталып, түрмеде. Бірақ босап шығып, мені өлтіріп кетеді ме деп қорқамын", - дейді Ақбота.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1788513-zat-agymny-zeteginde-ketip-5-ret-talak-algan-kelinsek-zanajkajyn-zetkizdi/