Малайзияда өткен әлемдік спорттық додада топ жарған түркістандық қол күресшіге риза болған жерлестері оған қымбат темір тұлпар мінгізген. Алайда, спортшы бағалы сыйлықты өзін кішкентайынан баулыған бапкеріне тарту еткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының тумасы әлемдік сында өзінен 55 келі ауыр польшалық қол күресшіні жеңіп кеткен.
24 жастағы Қыдырғали Оңғарбаевтың бұл жетістігіне қатты қуанған жерлестері оған Toyota Land Cruiser көлігін мінгізеді.
Бірақ, бұл қымбат көлікті спортшы өз бапкеріне тарту еткенді жөн көрген. Ол бұл әрекетімен өзін бала күннен баулыған Арман Романұлына өз алғысын білдіргісі келсе керек.
Бағалы сыйды тарту еткен жергілікті қалталы азаматтар қол күресшінің келесі жеңісіне Алматыдан пәтер алып беруге уәде еткен.
Қыдырғали Оңғарбаев әлемнің күшті қол күресшілері бақ сынаған жарыста әлемнің ең мықты үздік сегіздігіне енген.
Дәл осы додада қазақ жігіті польшалық спортшыны 5:1 есебімен жеңді. Жыл соңына дейін Қыдырғали Оңғарбаев тағы екі сыннан сүрінбей өтсе, әлемнің нөмірі бірінші қол күресшісі атанбақ.
Еске салсақ, бұған дейін қазақ жігіті Оңтүстік Кореяда өткен жарыста 37 кәрісті тізе бүктіріп, әлемді өзіне қаратқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1788520-trkistandyktar-lemdik-dodada-top-zargan-zerlesterine-kymbat-klik-mingizdi/