"Денелерінде пышақ іздері бар": Түркістан облысында өгей ана балаларға жәбір көрсетті деп күдіктелуде
Жарияланған күні:
Түркістан облысында өгей анасынан жәбір көрген балаларға қатысты жантүршігерлік фактілер анықталды деп хабарлайды Білім және ғылым министірлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Түркістан облысында ауыл мектебінің мұғалімдері оқушылардың денелерінде ісіктер мен ұрып-соғудың іздерін байқап, полиция қызметкерлерін шақырған, кейін АІІБ-і тарапынан қылмыстық іс қозғалған.
Балаларды жәбірлеген әйел бірден полицияға жеткізілген.
"Өгей анасы балаларын ұрып-соққан, денелерінде пышақ іздері бар. Аталған іс Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Білім және ғылым министрлігі тарапынан бақылауға алынып отыр. Аталған факті бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде", - деп хабардар етті ведомстводан.
Осы орайда, Білім және ғылым министрі К.Н.Шамшидинованың тапсырмасымен Түркістан облысына министрдің кеңесшісі Раиса Шер жедел түрде аттанды.
Түркістан облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, соққыға жығылған оқушылар әжелерінің үйіне жеткізілген.
Қазіргі таңада ата-ана құқығынан тек өгей анасын ғана емес, әкесін де айыру жөніндегі мәселе қарастырылуда.
Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралып, Жетісай ауданындағы бір отбасында орын алған өгей анасының қатыгездікпен балаларын ұрып-соғып, дене жарақаттарын салу арқылы зорлық көрсеткен жайты құзырлы органдармен анықталған.
Бұл жайт Жетісай АПБ-де тіркелді. ҚР ҚК 140-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге шектеу шарасы қолданылады. Комиссия шешімімен балалар әжесіне тапсырылған. Бұл жайт Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің және облыс прокурорының бақылауында", - деп атап өтті ПД.
Сонымен қатар, Түркістан облысы ПД Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 147-бабы "Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу" бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1789377-trkistanda-obylysnda-gej-anasynan-taak-zegen/