"Көз деген құрт қой": Тоқтар Серіков сұлу қыздарды көрсе өзгеріп кететінін мойындады
Жарияланған күні:
Тоқтар Серіков "Ережесіз әңгіме" бағдарламасында өмірінде жұмысы мен жұбайын таңдауда қателеспегенін мақтанышпен айтты. Әнші төрт ұл сыйлаған Бейбіт Сейдуалиевамен өнер әлемінде бірге жүргеніне қуанатынын да жасырмады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әншінің айтуынша, өнерде жүрген азаматтың серігінің жанында жүруі маңызды.
"Құдайға шүкір. Өмірде өзімнің мамандығымнан шатаспаған адаммын. Қолымнан бизнесмен болу келмейді. Кәсіптің түр-түрімен айналысып көрдім. Қолымнан күрек ұстау да келмейді. Екінші алған жарымнан шатаспағанмын. Егер де жарым қазан-ошақтың қасында жүретін қазақтың қарапайым қызы болғанда, онда менің бағымның қаншалықты мықты болатынын білмеймін.
Өнер адамының әйелі бірге жүргені жақсы. Әйтпесе, Ерке (редакция: Есмахан) сияқты сұлу қыздарға қай еркек көз салмасын? Кім қарамасын? Мың жерден тақуа болайық, намаз оқиық, құлшылық қылайық, көз деген жыбырлап тұратын құрт қой.
Сол кезде әйел қасыңда болуы керек. Бір сәт көрініп, басыңның бос емес екенін, ауыздығың бар екенін, тізгінің біреудің қолында тұрғанын сезінуің керек. Сондай сәттерде жарымның өнер адамы болғанына қуанамын. Өнер адамы бола тұра, мені түсінетінін" , - деп ағынан жарылды Тоқтар Серіков.
Сондай-ақ әнші сұлу қыздарды көргенде кейде өзгеріп кететінін де мойындады. Алайда әнші келіншегі жанында болғандықтан, тез тәубесіне келеді екен.
"Ол мені түсінеді. Кейде қыздарды көрген кезде қылмыңдап сөйлеп қойғанымды байқамай қаламын. Сондай кезде күліп, ішек-сілесі қатады. Оған "Сен өтірік айта алмайсың. Ең бірінші қасиетің, көзіңнен көріп тұрамын" деймін. Кейде өтірігім шығып қалады. Сондықтан екі дүниеме өкінбеймін. Таңдаған өнеріме және таңдаған келіншегіме өкінбеймін", - дейді әнші.
Естеріңізге сала кетейік, Тоқтар Серіковтің әндерін біздің "Музыка Нур" қосымшасынан тыңдай аласыздар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1789825-kz-degen-krt-koj-toktar-serikov-slu-kyzdardy-krse-zgerip-ketetinin-mojyndady/