Оқушылар олимпиадасы: Алматыға келген жұрт сыйлық үшін бірін-бірі таптай жаздады (фото, видео)
Жарияланған күні:
Алматыда мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасының соңы дау-дамайға ұласты. Пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау сәтінде ата-аналар шу шығарып, ұйымдастырушыларға өкпесін жеткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Олимпиада төменгі және жоғарғы сынып оқушылары арасында өткізілген. Алдымен іріктеу сындары әр облыста болса, республикалық олимпиада Шымкент қаласында ұйымдастырылды.
Олимпиаданы ұйымдастырушылар 1, 2, 3-орынды және бас жүлдені иемденген оқушылардың барлығын "Алматы Арена" спорт кешенінде өтетін концертке шақырып, сол жақта марапаттайтындарын жеткізеді.
Бұл хабарды естіген жүлдегер оқушылар ата-ана және ұстаздарына еріп, еліміздің әр түкпірінен Алматыға ағылған. Алайда, олар өздері күтпеген жағдайға тап болды.
Себебі, ұйымдастырушылар жүздеген оқушыны жинап алып, оларды "Алматы Арена" кешенінің дәлізінде марапаттады.
Әр облыстан, әр ауданнан келген ата-аналар мен ұстаздар оқушыларға алғыс хат та ұсынбай, тоғызқұмалақ пен медаль ғана сыйлаған ұйымдастырушыларға өкпелі. Оның үстіне, сыйлықты алу үшін көпшілік бір-бірін таптап, оқушылар қалың жұрттың арасында қысылып қалды.
"Мен баламды ертіп, Ақтаудан келіп отырмын. Іріктеу кезеңдеріне қатысу үшін 1000 теңгеден жинады. Үш рет мың теңгеден бердік. Кейін республикалық олимпиадаға қатысу үшін 5 мың теңге сұратты. Оны да бердік. Қызым олимпиададан жүлдегер атанған соң Алматыдағы марапаттау кешіне шақырды.
Қуанышымыз қойнымызға сыймай, қырық мың теңгеге билет алып, Алматыға да жеттік. Сондағы көргеніміз осы ма? Ең болмаса, алғыс хат ұсынуға жарамады. Ал оқушылардан қанша ақша жинады осы үшін? Іріктеуден өтпей, орын алмаған балалардың қаражаты да кетті ғой?!
Сонау Ақтаудан алып-ұшып жеткен бастауыш сынып оқушысын тоғызқұмалақпен ғана алдағаны не сұмдық? Одан да, алғыс хатты пошта арқылы сап жібермей ме? Қанша шығын кетті? Бұларды тексеру керек, олар алаяқтар", - дейді өзін Мұрат деп таныстырған Ақтау тұрғыны.
Қызылорда облысынан келген Мейрамгүл есімді апай немересінің көңілі су сепкендей басылғанын айтады.
"Немерем қазақ тілінен үшінші орын иеленді. Сонау Қызылорда облысынан келіп отырмыз. Марапаттау "Алматы Аренада" өтеді дегесін, баламыз қызық көрсін деген оймен жеткен едік.
Бірақ мұндай қызық күтіп тұрғанын білгенде, босқа шығындалмай, үйімізде отыратын ек қой... Баланың еңсесін түсірді бұлар...
Егер бір ғана алғыс хат беруге жарамаса, қырғын адамды не үшін шақырып отыр? Сонау Қызылордадан бір ғана тоғызқұмалақ үшін келдік пе?", - дейді Мейрамгүл апай.
Оқушылар Олимпиадасын "BILGEN" ұлттық авторлық методика және бағалау орталығы, "SERPIN" Білім және инновация ұлттық палатасы, "BILGEN Baige" олимпиадасын ұйымдастыру комитеті өткізіп отыр.
Ұйымдастырушылар әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданады. Олимпиада барысында курстардың негізін қалаушы Әкім Хазіретәліұлымен тілдесу мүмкін болмады.
Ал "Bilge Түркістан" директоры Әділ Тұрсыновтың айтуынша, оқушылардың алғыс хаты өз мектептеріне жіберіледі.
"Марапаттау рәсімінде бас жүлде алған оқушыларға ғана сыйлық беріледі. Ал бірінші, екінші және үшінші орыннан көрінген оқушыларға медаль ғана табысталады. Алғыс хаттарын өздері оқитын мектепке жібереміз. Біз мұнда балаларды концерт көріп, демалу үшін шақырдық", - дейді ол.
Алайда, Тұрсынов өзін қаумалаған ата-аналардың көкейкесті сұрақтарына жауап таба алған жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1795055-okusylar-olimpiadasy-almatyga-kelgen-zrt-syjlyk-sin-birin-biri-taptaj-zazdady-foto-video/