Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мұғалімнің жалақысына жан баға алмаған елордалық әйел еден жуып кетті

Жарияланған күні:

Астаналық Айман есімді келіншек осыдан үш жыл бұрын мұғалімдік қызметтен бас тартып, клинингтік компанияға жұмысқа тұрған. Мұғалімнің 80 мың теңге жалақысына күн көре алмаған ол "өзгенің еденін жуып, әжетханасын тазалап жүріп алатын айлығым бұрынғыдан әлдеқайда жоғары" дейді. Бұл туралы өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Көрнекі фото: dimcity.ru
Көрнекі фото: dimcity.ru: Instagram

Мұғалімнің 80 мың теңге жалақасына жан баға алмаған екі баласы бар ана бұл әрекетіне еш өкінбеймін дейді.

"Астанаға осыдан бес жыл бұрын көшіп келдік. Өзіміз солтүстіктен боламыз. Ауылда тұрған кезде азын-аулақ малымыз болды. Жолдасым соны өсіріп, жылда төлін сатумен айналысатын.

Кейін ауылдағы ата-енем қайтыс болғаннан кейін, қалаға көшеміз деп шештік.

Сөйтіп қолдағы бар малды сатып, оның ақшасына осы жақтан тек бір бөлмелі пәтер сатып ала алдық.

Өзім мұғалім болғаныммен, ауылда мектепте орын болмағандықтан, ешқашан мамандығым бойынша жұмыс істеп көрмедім. Жолдасым осында досының цехына жұмысқа тұрып кетті. Ал маған жұмыс табу қиын болды.

Әйтеуір үш ай дегенде бір мектепке кіріп, сонда бастауыш мұғалімі болып жұмыс істедім. Бастапқы бір жыл айлығым 60 мың теңге болды, кейін 80 мыңға көтерілді.

Екеуміз бірдей жұмыс жасасақ та, Астана қымбат қала, балалар өсіп келе жатқандықтан, тапқан табысымыз жетпеді. Оның үстіне мұғалімнің жұмысы да ауыр.

Бір сыныпта 25-30 баладан отырады, қаланың балалары шетінен ерке келеді. Дауыс көтерсең, ата-аналарына айтып барады. Одан директор ақыр аяғында мұғалімді кінәлі етіп қояды.

Үш жыл әрең дегенде шыдап, төртінші жылы ойланбастан мектептен шығып кеттім. Сосын таныстарымнан клинингтік компания жайлы естідім.

Астанада ауқаттылар көп, қымат пәтерлер мен коттедждер де жетіп артылады. Сондықтан байлар үй тазалығын осындай клинингтік компанияларға тапсырады.

Ештеңеден жиіркенген жоқпын, біреудің әжетанасы мен еден жудым. Бірақ айлығым бұрынғыдан 2-3 есе көпке шықты.

Бізде бонус деген бар, кім қанша үй тазалайды, соған орай ай соңында жалақы аласың. Сондықтан балаларымның болашағы үшін, осылай жасауыма тура келді", - дейді 33 жастағы Айман.

Екі баланың анасы енді болашақта осындай клинингтік компанияны өзім ашсам дейді.

"Алдағы уақытта осындағы қыздармен бірігіп, бөлек шықсақ па деген арманымыз бар. Бірақ бәрін қалта шешеді. Ол үшін аздаған қор керек.
Мұғалімдіктен кеткеніме еш өкінбеймін, қазіргі уақытта істеймін деген адамға жұмыс табылады. Тек еңбектену керек", - деп әңгімесін аяқтады келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1796887-mgalimni-zalakysyna-zan-baga-almagan-astanalyk-kelinsek-pol-zuyp-ketti/