Жетісайлық кәсіпкер зекет ретінде көпбалалы отбасыға үй сыйлады (фото, видео)
Жарияланған күні:
Жетісайлық жомарт жан зекет ретінде көпбалалы отбасыға баспана сатып алып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жетісай ауданындағы кәсіпкер Қайрат Әбдіхалықов үнемі қайырымдылық шараларына белсенділік танытып жүрген азамат.
Орталық "Нұғман" мешітінің бас имамы Бекзат Сыздықтың мәліметінше, жомарт жан қасиетті Рамазан айында баспанасыз жүрген көпбалалы отбасыға сауап іс ретінде өз атынан үй сатып алу беру туралы ұсынысын айтқан екен.
Оған қоса, көпбалалы жанұяға аудандағы "Зекет" қоры да көмек көрсеткен. Олар пітір-садақа ретінде жиналған қаржыға кәсіпкер сатып әперген үйді жөндеуден өткізіп, тұрмыстық техникалармен қамтамасыз еткен.
Өз кезегінде үйлі болған Шекербековтер әулеті қол ұшын созған жандарға алғысын айтты.
"Біздің жағдайымызға бей-жай қарамай, қол ұшын берген барша жанға отбасымның атынан алғыс айтамын. Алла разы болсын!", - деді отағасы Бақдәулет Шекербеков.
Баспаналы болған отағасы жұбайымен бірге бес баланы тәрбиелеп отыр. Отбасының үлкен перзенті 13-те, ал кенжесі 3 жаста.
Айта кетейік, Жетісай ауданында "Зекет" қайырымдылық қоры былтыр құрылған. Қордың себепші болуымен сегізінші отбасы баспаналы болып отыр. Қайырымды жандар мұндай шара әлі де жалғасын табатынын алға тартты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1797120-zetisajlyk-ksipker-zeket-retinde-kpbalaly-otbasyga-j-syjlady-foto-video/