Арыстағы жарылыс: Зәресі ұшқан тұрғындар қаладан қашып жатыр (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін Арыс қаласының маңындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыстар орын алды. ТЖК қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеуде. Алайда бірінен-соң бірі тоқтаусыз қайталанған жарылыс тұрғындарды шошытып, адамдар жаппай қаладан кетуде. Бұл туралы «Жас Алаш» сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды .
"Бұл жолғы жарылыстың түрі жаман. Кейбір тұрғын үйлердің терезелері қираған. Халық қаланы тастап, жаппай қауіпсіз жаққа көшіп жатыр. Қаладан шығатын жолдарда көлік кептелісі туындауда", - деді тұрғындардың бірі.
Қала тұрғындары арасында түрлі үрейлі әңгімелер де тарап жатыр.
Арыста Кеңес одағы кезінен бергі аралықта жиналған бомбаларды залалсыздандырумен Қорғаныс министрлігіне қарасты кәсіпорындар айналысады.
Бұған дейін залалсыздандыру кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауынан өрт шығып, оның арты бомбалардың жаппай жарылуына алып келген болатын.
Екі оқиғада бірнеше адам қаза тауып, кінәлілер сот алдында тиісті жазасын алған еді.
Әлеуметтік желілерде жарылыстың видеолары мен суреттері жылдам таралып жатыр.
Кадрларда адамдар не істерін білмей дүрлігіп, әбден дал болып жүр. Халық арасында әртүрлі ақпарат та кеңінен жайылуда.
Алайда ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ. ІІМ ТЖК тек әскери бөлімшенің қоймасында жарылыс болғанын хабарлады.
Ескерту: Төменде ұсынылған видеода бейәдеп сөздер айтылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1801194-arystagy-zarylys-zresi-skan-trgyndar-kaladan-kasyp-zatyr-video/