Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәрет сындыру құрлы көреді": Дана Нұржігіт көкек аналарды қатаң сынға алды

Опубликовано:

Танымал тележүргізуші желідегі парақшасында асқан қатыгездікпен баласын тастап кететін аналарға шүйлікті. Дана Нұржігіт сәбиді Алланың сыйы деп қабылдау керектігін қадап айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тележүргізуші өзінің Instagram парақшасында тастанды балалар туралы жантебірентерлік жазба қалдырды.

Ол ұлы Әлімді дүниеге әкелгенде сондай сәбилерді көргенін айтып, жүрегі қан жылағанын еске алған.

"Адамнан адам шығу оңай емес, рас! Бірақ, бала тууды дәрет сындыру құрлы көретін екі аяқты ұрғашылар да бар. Сондайлардың бөпелері біздің балаларымызбен қатар жатты. Олардың жылағаны да бөлек! Олар анаға әмір жүргізгенді білмейді.

Олар бақырып-шақырып шаршаған, ешкім қолға алмаған соң, қасына келмеген соң төбеге қарап жатып, әлсін-әлсін жіңішке үнмен жалынышты қылып дауысын созып тұрады. Олар ештеңені де, ешкімді де күтпейді...

Бір екеуін қолыма алып, жұбатып жүргенімді мейірбике көріп қойып: тимеңіз, қолға алмаңыз! Ертең біз қиналып қаламыз, көтер деп жылайтын болады деген соң, келесі рет жүрегім езіліп, аяп тұрсам да қолға алмайтын болдым.

Қандай қатыгездік десеңізші! Қатыгездік осылайша олардың өміріне бесігінен енеді. Алла ешкімді балаға зәру ете көрмесін, бірақ кейде бір сәттік ляззаттан оп-оңай, бойға біте салған періштені Алланың сыйы деп білу үшін, Жаратқанның алдына, тәубеге келтіру үшін баланың құнын төлеу керек пе деп те ойлаймын...", - деп жазған тележүргізуші.

Сондай-ақ, ол өмірінің бар байлығы жалғыз ұлы Әлім екенін айтқан.

"Әлім - менің Жеңісім. Иә, біз сол майданнан екеу болып шыққан сарбазбыз. Жанымыз бір. Оның туған күні 4 қарашада, ол күн мен үшін Ана болу жолындағы Жеңіс күні. Кеше Алматыдан телефон соғып: мама, жастықтың тысын жума! Иісіңді сағындым дейді...", - деп жазды Дана Нұржігіт.

Желі қолданушылары тележүргізушінің сынға толы жазбасын көріп, онымен келісетіндерін білдірген.

Олар "Тас бауыр аналардан сақтасын", "Сәбилер бақытты болсын", "Алла бәрін көреді, сәбилер жыламасын" деген тілектерін жаудырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1802865-dret-syndyru-krly-kredi-dana-nrzigit-kkek-analardy-kata-synga-aldy/

pixel