17 жасында тұрмысқа шыққан келіншек Сирияға қалай кетпей қалғанын баяндады
Жарияланған күні:
24 жастағы ақтөбелік келіншек Сирияға жету үшін қандай айлаға барғанын айтып берді. Жолдасы абақтыға қамалған екі баланың анасы бүгінде арнайы жасақтың қолына түсіп қалғаны үшін қуанады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Өзін езгіздің сыңарымын деп таныстырған Әмина (ред. ескертпе кейіпкердің аты-жөні өзгертілген) 9-сыныпты бітірген кезде намаз бастағанын, сөйтіп бауырымен медициналық колледжге түскенін айтады.
"Группада намаз оқитын қыздарға еріп, мен дін жолына түстім. Үйдегілер біраз уақыт менімен сөйлеспей жүрді. Қалада сыңарым екеуміз пәтерде тұрдық. Намаз оқитын қыздар маған иманым әлсіремей тұрғанда тездетіп тұрмысқа шығу керектігін айтып, неке қиюға бір жігітпен таныстырды. Шақырған үйге бардым.
Ол адам менен 10 жасқа үлкен. Әйелімен ажырасқан екен. Бір кездескеннен ұнады. Ол да ұнатқан. Сол түні неке қидырттық. Үйдегілер іздеп жатқан соң телефонымды өшіріп тастадым. Оқуға бармастан сол адаммен бірге тұрдым. Ата-анам полицияға арыз жазған. 18 жасқа толмаған соң полицияға өз еркіммен тұрмысқа шыққанымды айтып, арыз жазып бердім. Ол кезде бетім толықтай жабық, ниқабпен жүрдім", - деп бастады әңгімесін Әмина.
Ол осылайша 17 жасында үздік оқып жатқан оқуын тастап, келіншек атанады.
"Жолдасымның тұрақты жұмысы болмаған соң оқуымды тастап кеттім. Бет жауып жүруді мәртебе көретін едім. Киімімді толықтай қара түске ауыстырдым. Денемнен бір ашық жер көрінбейтін. Үйдегілер түрімнен шошып, араласпай қалды. Сыңарым оқуын бітіріп, жұмыс істеп кетті. Тұңғыш ұлымды босанғаннан кейін ғана 18-ге толдым. Жолдасым да дінді қатты ұстанады. Бір жылдан кейін қызды болдық.
Сол кезде біз Сирияға қатысты видеолар көре бастадық. Бір күні жолдасым құжат жасатып жатқанын, жақында жол жүретінімізді айтты. 2015 жылдың ақпан айы болатын. Төрт адамдық жеңіл машинаның ішіне әйел адамдар, жүк салғышына "браттар" жайғасты. Бәрімізді қаланың жанындағы ауылға апарды. Оншақты әйел адам, жиырмадан аса ер адам болды", - дейді Әмина сол кездегі оқиғаны есіне алып.
Алыс сапарға жолға шыққан отыздан аса адам қаланың іргесіндегі ауылда жиналған.
"Сол үйде киімдер таратты. Таң ата денеге жабысып тұратын шалбар, қысқа күртеше, орамалсыз жүрдік. Көптің көзіне түспес үшін үйден біртіндеп шықтық. Автобустың іші ығы-жығы. Кімнің қайда отырғанын білмейсің. Ауылдан ұзамай форма киген адамдар бізді ұстап алды. "Қайда барасыңдар, кімдерсіңдер?" деп сұрап жатты. Алдыда отырған сестралар "Алматы жаққа барамыз" деп, тағы біреулер басқа жақты айтып, у-шу болдық.
Сол жерде тексеріс жүрді. Ер адамдарды біртіндеп далаға шығарып, жатқызып тексерді. Әйелдер мен бала-шаға автобустың ішінде у-шу. Сол күні түнгі сағат 2-ге дейін жауап алуда отырдық. Жекелеп жауап алды. Мен "жолдасым екеуміз Қызылордаға құдалыққа бара жатырмыз" дедім. Сұрай бастаған кезде өзімнің сөзімнен жаңылып, қайда кетіп бара жатқанымызды айтып, түсініктеме жазып бердім.
Сол күні ер адамдарды қамап, әйелдердің барлығын бір үйге алып кетті. Сол пәтерде біз бір айдан аса жаттық. Балаларға керек барлық заттарды, тамағымызды әкеп тұрды. Керек заттарымызды қағазға жазып береміз, олар бізден бір тиын алмастан бәрін әкеліп береді. Ешқандай қысым көрсеткен жоқ. Төрт бөлмелі үлкен үйде тұрдық.
Бізді күзеткен үш адам ортаңғы бөлмеде жатады. Басқа бөлмелерге бөлінуге қорқып, бәріміз залға жатып алдық. Әр келіншектің екі-үш баласы бар. Екі айға жуық уақыт өткенде әйелдер мен балаларды жіберді. Күйеулеріміздің үстінен іс қозғаған. Олардың терроризм бабымен сотталатындары белгілі болды", - дейді ол.
Келіншектің айтуынша, құдайындай сенген намаздағы "сестралары" күйеуі қамалған күні теріс айналған. Пәтерде екі баласын асырай алмай қаңғып қалған келіншек соңында әке-шешесінің үйін паналайды.
"Бұрын біз туыстармен араласпадық. Олардың тамақтарын харам деп жемейміз. Жақындарымыздың бәрі браттар мен сестралар болды. Ағайыннан артығы жоқ екенін кеш түсіндік. "Сестрлар" басымызға күн түскенде қашып кетті. Күйеуім сотталғаннан кейін олар амандаспай өтіп кететін болды. Қазір өзімнің әке-шешемнің үйінде тұрамын. Балаларды балабақшаға беріп, жұмысқа шықтым. Ниқабты шешіп, ашық түсті киімдер киемін. Туысыңнан басқа адамның жаны ашымайтынын көрдік", - дейді келіншек.
Әмина мұсылмандыққа бет бұрған қазақ қыздарының сауатсыздыққа құмар болмауын тілейді.
"Қазақ қыздары білімсіз қалмаса екен. Жеңіл ештеңе жоқ. Бәрі еңбекпен келеді. Менің өмірім көп адамға сабақ болуға тиіс. Жолдасымның әлі 2,5 жылы қалды. Апта сайын сөйлесіп, жылына екі рет кездесіп тұрамыз. Балаларды түрмеге ертіп апарған жоқпын. Қазір жолдасым "бұл жағдай сабақ болды" деп айтады.
Менің жастақ шағым абақтыдағы жолдасымды күтумен өтіп жатыр. Ол мен 20 жасқа толмай сотталып кетті. Қазір ағайындармен араласқан соң үйдегілердің де көзқарасы өзгере бастады. Олар "бұрыннан осылай жарқырап жүрмейсің бе" деп қуанады. Қазір туыстарымыздың тойларына баратын болдық. Бұрын той дегенге аяқ баспайтын едік.
Ешкімге алақан жаймай, өзім ақша таба бастаған соң бұрынғы "сестралар" хабарласатын болды. Біздің ортамызға қайта қосылсайшы дейтіндер бар. Олар соңғы кезде той жағалап жүрсің, мерекеден қалмайсың, айналаңда кәпірлер көбейіп кеткен, дінсіз қыздармен жүресің деп айтып жатады.
Бірақ мен енді оларға ермеймін. Балаларымды жеткізуді ғана ойлаймын. Бізге теолог Мақсат аға көп көмектесті. Атаулы көмекке де теологтардың арқасында қол жеткіздік. Мен кезінде оларды қаралағаным үшін ұяламын", - деп әңгімесін аяқтады келіншек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1804077-aktbelik-kelinsek-siriaga-kasu-sin-adam-sengisiz-reketterge-barganyn-ajtty-foto/