Екі пайызбен ипотекаға үй алу үшін отбасының табысы қанша болуы керек?
Жарияланған күні:
"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша үй алу үшін жанұяның табысы қандай болу керектігін Sputnik Қазақстан анықтап берді.
Басылымның мәліметінше, 2 пайыздық ипотека көпбалы отбасы, толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыға беріледі.
Бағдарлмаға қатысу үшін әкімдікте кезекте тұру керек, сондай-ақ, өз атыңызда және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы тиіс.
Жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық ипотека 20 жылға дейін беріледі.
Бастапқы жарна көлемі 10 пайызды құрайды.
Бастапқы жарнаны 10 пайыздан артық құйған жағдайда, ай сайынғы төлем аз шығады.
Еліміздің ірі қалалары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңгені құраса, қалған аймақта 10 млн теңге болады.
Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылар жаңа салынған үйдегі пәтер, қолданыстағы пәтер, жер үйді сатып ала алады.
Баспана кезекте тұрған аймақтан ғана беріледі.
Төменгі пайызбен үй алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың мөлшері соңғы алты ай ішінде ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден аспауы тиіс.
Ал жәрдемақы кіріс ретінде саналмайды.
Мысалы, отбасыда алты адам болса, жалпы кіріс 255 мың теңгеден аспауы қажет (6 адам * 42 500 теңге = 255 000 теңге).
Кірісі жоқ отбасыларға арзан ипотека берілмейді.
Кез келген қатысушылар жұмысқа тұрғаннан кейін 6 ай өткен соң ғана бағдарламаға қатыса алады
Егер төменгі пайызбен үй алушының еш кірісі болмаса, жұмыс істейтін жұбайын тарта алады. Жұбайының табысы жеткіліксіз болғандп, үшінші адамды тартуға мүмкіндік бар.
Төмен пайызбен ипотека алу үшін төмендегі құжаттарыңыз болуы шарт:
- Әкімдіктен отбасыңыздың мәртебесін растайтын құжат;
- неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік;
- кәмелет жасына толған отбасы мүшелерінің жеке куәлігі мен балалардың туу туралы куәлігі;
- күйеуінің немесе әйелінің, сондай-ақ қажет болған жағдайда, үшінші бір адамның соңғы 6 ай ішіндегі табысын растайтын құжаттар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1805625-bakytty-otbasy-tmen-pajyzben-j-alu-sin-otbasyny-tabysy-kansa-boluy-kerek/