Шымкенттің жаңа әкімі қоластындағыларға алғашқы тапсырманы берді
Жарияланған күні:
Шымкент қаласының жаңа әкімі Ерлан Айтаханов 31 шілдеде орынбасарларын, аудан әкімдерін, салалық басқарма басшыларын жинап, алғашқы жиналысын өткізді. Шаһар басшысы мәжілістің басында аудандардың және басқармалардың жұмыстарымен танысты деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Ерлан Қуанышұлы өзекті мәселелердің бірі ретінде қаланың шалғай елдімекендерін дамыту қажеттігін тап өтті.
Сондай-ақ, қажетті инфрақұрылымның, атап айтқанда, сапалы ауызсу, газбен жабдықтау, электр қуаты, жол, кәріз жүйелерінің жеткіліксіздігі мәселесін жүйелі түрде шешуді талап етті.
"Жергілікті билік, қаланың әр тұрғынына, олардың тұрғылықты мекенжайына қарамастан бірдей жағдай жасауы қажет, яғни, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру керек, бұл – Елбасымыз және президентіміздің әкімдерге қойған басты талабы", - деді Ерлан Қуанышұлы.
Әкімнің сөзінше, тұрғындарыдң мәселесін жедел әрі сапалы шешу үшін аудан әкімдерінің құзыреттерін заң аясында кеңейту қажет.
"Аудан әкімдеріне халық мұң-мұқтажын айтып келеді, ал әкімдерде оны шешетін не құзіреті жоқ, не қаражаты жоқ. Халық аудан әкіміне президенттің өкілі деп сеніп, үміт артып келеді. Олар қарапайым мәселені шеше алмаса, халықтың билікке деген сенімі жоғалады", - деп мәлімдеді әкім.
Осыған орай қаладағы негізгі жобаларды аудан әкімдерімен алдын ала келісуді жүктеді.
Бұған қоса бюджеттің тиімсіз жоспарланғанын айтып, бюджет шығындарын ішкі резервтерді пайдалана отырып, тез арада оңтайландыруды тапсырды.
Сонымен қатар, шаһар басшысы атаулы әлеуметтік көмек көрсету сапасын арттыруды қолға алуды бұйырды.
Айта кетейік, сондай-ақ, Ерлан Қуанышұлы алғашқы жұмыс сапарын қаланың шет аймақтарында орналасқан шағынаудандардың тұрғындарымен кездесуден бастады. Қала әкімі жергілікті халықпен екі сағаттан астам уақыт өзекті мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ, Сайрам тұрғын алабына барып, ондағы инфрақұрылым жүйесімен танысқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1808679-symkentti-zaa-kimi-kolastyndagylarga-algasky-tapsyrmany-berdi/