Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жұмыссыз қалған Теңіз кенішінің жұмысшылары жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Атыраудағы Теңіз кенішінің жұмысшылары тағы да бас көтерді. Олар жұмыстан заңсыз шығарылғандарын айтып, наразылық білдіруде деп хабарлайы Еуразия бірінші арнасы.

Фото: Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр: UGC

Теңіз кенішіндегі даудан кейін барлық қызметкерлерге демалыс беріліп, жұмыс уақытша тоқтатылған болатын. Екі ай жұмыссыз отырған жұрттың үміті күні кеше үзілді.

Телеарнаның мәліметінше, компания қызметкерлері жұмысшыларға келісім шарттың бұзылғанын хабарлаған. Енді 200-ге жуық адам не істерін білмей сандалып жүр.

"Алдында Теңізде жұмысшылар көтерілген кезде, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: "ешқандай жұмыстан қысқарту болмайды, жұмыс жалғасады" деген болатын. Сонда осы әкімнің сөзі қайда? Бізге айтқан уәдесі қайда? Ертең мына 200 адам қайдан жұмыс табамыз? Күздің уақыты, қыс та жақындап келе жатыр", – дейді жұмыссыз қалған қала тұрғыны Жасұлан Қабдешев.

Ал тұрақты жұмысына сеніп, несие алған Жеткербай Күлімжайов тіпті, таңырқап қалғанын жеткізді.

"Өзіміз шок болып қалдық мұндайды естігенде. Алдын несие алып қойған едік. Бәріміздің бала-шағамыз бар ғой. Бір күнде барлығын жұмыстан қысқарта салуға болмайды ғой. Алдын-ала ескертіп айту керек еді", – дейді Күлімжайов.

Сонымен қатар бұл компанияның жұмысшыларын өзге фирмалар қызметке қабылдаудан бас тартып жатқан көрінеді.

"Енді бір сыбыс шығып жатыр. Жігіттер басқа фирмаға ауысайын десе, мына СиСи-ден шыққан балаларды жұмысқа алмандар дейді екен. Тағы төбелес шығарады деп бір-біріне айтатын көрінеді. Енді қалай болатынын білмейміз", – дейді қала тұрғыны Алмаз Ізмұханов.

Дегенмен, келісім шартпен бүге-шүгесіне дейін танысқан еңбек инспекторы, барлығы да заң аясында жүріп жатқанын жеткізді.

"Бұлардың жағдайы бойынша еңбек шарты белгілі бір жұмыстың аяқталуына дейін жасалған, оның уақыты келген кезде жұмыс беруші хабарлама беріп, еңбек шартын бұзуға құқылы", – дейді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.

Қайткенмен де, бір күнде нәпақасынан айырылған жұмысшылар мұның заңды екенімен еш келіспейді. Бұл іске тез арада жергілікті биліктің араласқанын талап етіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1809669-zmyssyz-kalgan-teiz-kenisini-zmyssylary-zanajkajyn-zetkizdi/

pixel