"Үйдегілерді апармаймын": Отандық журналист "Томиристі" қазақша көрсетуді талап етті
Жарияланған күні:
Ернар Алмабек есімді отандық журналист бүгін, 27 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларынан көрсетіле бастаған "Томирис" тарихи драмасын қазақ тілінде көрсетуді талап етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Журналист "Томирис" фильміне отбасын апарғысы келген. Алайда киноның қазақша нұсқасын таппаған ол өзінің Facebook парақшасында қазақ тілді нұсқаның кинотеатрлардан көрсетілуін сұрап, жазба қалдырды.
"Кеше өзім барып көріп келген "Томирис" фильміне үйдегілерді апарайын деген едім. Туындыны қазақ тілінде көрсететін кинотеатр таппай отырмын. Kino.kz сайтын қарасам, қазақ тілінде сеанс жоқ дейді. Таңнан бері кинотеатрларға қайта-қайта хабарласып жатырмын. Әзірге көбісі тұтқасын көтермеді", - дейді тіл жанашыры.
Артынша, тағы бір-екі кинотеатрдың қызметкерлері тұтқаны көтеріп, қазақша сеанстың жоқ екенін айтқан.
"Біз үнемі қазақша сеанстарды көбейтіңдер деп шулаймыз, "Қазақфильмнің" сылтауы бітпейді. Нарық дейді, қазақтар киноға бармайды, қазақ тіліндегі киноны ешкім көрмейді, біз шетелдерге өзімізді таныту керекпіз, елімізде көп ұлт тұрады, кинотеатрлардың қалауы, статистика бойынша солай дейді, тағысын тағы...
Неше жылдан бері жалғасып келе жатқан дау? Қашан тоқтар екен?
Кеше "Томиристің" Алматыдағы тұсаукесерінде де осы мәселе көтерілді. Премьера кезінде (Алматыда да, Елордада да) фильм орысша көрсетілді. Фильмді жарнамалау толықтай дерлік орыс тілінде, орыс тілді БАҚ арқылы жүрді.
"Қазақфильм" өкілі неге олай деген сауалға: "Бұл біздің қолымыздағы дүние емес. Кинотеатрлардың бәрі жекеменшік. Олардың қалауы осындай болды",- деп жауап берді.
Ал Ақан Сатаев ағамыз: "Елімізде 116 ұлт тұрады. Украина орыс тілінен бас тартқанда кинотеатрларға ешкім бармай қойған",- деді. "116 ұлт" деген сөз пресс-конференция барысында бірнеше рет айтылды. Кейін, журналистер қоймаған соң, режиссер: "Фильмнің қазақша нұсқасы бар. Кинотеатрларда көрсетіледі. Мен де қазақпын. Мені де бұл мәселе толғандырады",- деді. Бірақ мәселені шеше алатынын, не шеше алмайтынын ашып айтпады.
Фильмнің қазақша нұсқасы бар екенін түсіндік, кинотеатрларда да көрсетіледі екен... Әдетте қазақ тіліндегі сеанстарды таңғы 10-ға қойып қоятын еді. Әзірге ол да жоқ. "Бірінші күн ғой, ертең, бүрсігүні дұрысталар..." деп қоямын іштей...
Бұл мәселе сіздерді де толғандырса, кинотеатрлардан туындының қазақ тіліндегі нұсқасын көрсетуді сұрайық, талап етейік. Өз басым қазақша көрсетілмесе, үйдегілерді бұл фильмге апармаймын", - деді Ернар Алмабек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1819190-jdegilerdi-aparmajmyn-otandyk-zurnalist-tomiristi-kazaksa-krsetudi-talap-etti/