"Робот келін": Күллі жұртқа күнде сәлем салатын қызылордалық келіншек елдің алғысына бөленді
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде "Робот келін" атымен танылған қызылордалық Ақтолқын Серікбай күн сайын оқырмандарына иіліп, сәлем салады. Жас келін бұл әрекетін үлкенді сыйлауымен, кішіге өнеге болуымен түсіндіреді. Бүгінде бір жанұяны ұйытып отырған келіншек өзін неліктен "Робот келін" атайтынын да түсіндірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Менің есімім – Ақтолқын. 1991 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келдім. Үйдің үлкенімін. Артымнан ерген екі сіңлім бар. Тұңғыш немере болғандықтан, ата-әжемнің бауырында өстім. Үлкендерден алған тәрбиемнің әсерінен әлі күнге дейін кішіпейілділікті сақтап келемін. Instagram желісінде "Робот келін" деген атпен танымалмын. Бұлай атаудың да өзіндік себебі бар. 23 жасымда тұрмысқа шықтым. Ата-енемізбен бірге тұрамыз.
Үйдің тіршілігі де, бала бағу да, той-томалақта қызмет атқарып, ата-ене мен жолдасыңның тілін табу да оңай емес. Бірақ мен бәріне үлгеруге тырысамын. Содан соң, көпшілік оқырмандар "Бәріне қалай үлгересіз?", "Сіз осы "демаласыз ба?", "Қалай шаршамайсыз?" деген сұрақтарын жаудыратын. Алғашында оларға әзілдеп, өзімді "робот келінмін" деп атайтынмын. Кейін осы ат тез таралып, әлеуметтік желіде "робот келін" атанып кеттім", - дейді Ақтолқын.
Қызылордалық келін бүгінде ата-енесімен бірге тұрады. Ол келіндердің қариялардан қашпау керектігін алға тартты.
"Ата-енемен бірге тұруды құптаймын. "Қарты бар үйдің-қазынасы бар" дейді. Жастар үлкендермен бірге тұрса, біраз нәрсе үйренеді. Береке болады. Ата-әженің қолында өскен немере де көпшіл, бауырмал болып өседі. Сол үшін тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға, жас келіндерге "атаңа не қылсаң, алдына сол келеді" дегенді айтқым келеді. Қара шаңырақтан қашпау керек!", - дейді ол.
Ақтолқын ел арасында кеңінен таралған ене мен келіннің ара-қатынасына да тоқталып өтті.
"Бүгінде ене мен келін тақырыбының ауқымы кеңейді. Әлеуметтік желі мен интернеттен неше түрлі оқиғаны табуға болады. Енесімен сыйыспай, жаға жыртысатын келіндердің бар екені өкінішті. Құдай мұндайдың бетін әрі қылсын. Бұл әрбі келіннің санасына байланысты деп ойлаймын. "Жақсы көремін" деп қолынан ұстаған жігітті кім өмірге әкеліп, асырап баққанын ұмытпау керек. Енені өз анасындай шынымен жақсы көріп, сыйлап-иіліп тұрса, кім жек көрсін?! Кейбір келіндердің "енем сөйледі, ұрысты" деп тырысып, қырсығып, жұлқынып жүретіндерін байқаймын. Сөйлесе - қатеңді түзегені, үндемеу қажет. "Бір күндік ұрыс, қырық күндік берекені қашырады" деген. Үлкендер сөйлегенде сөз қайтарып, одан әрі өршітіп, үйдегі берекені кетірмеу керек деп ойлаймын. Өйткені, үйдің сәнін кіргізетін әйел адамдар. Отбасының бақытты болуы да әйелдің қабағына байланысты", - дейді "Робот келін".
Ақтолқынның тағы бір ерекшелігі – күн сайын халыққа иіліп сәлем салатынында. Ол келіндердің сәлем салып, бата алғанынан келер зиян жоқтығын айтады.
"Күн сайын Instagram-дағы Stories арқылы сәлем салып, елмен амандасамын. Үлкендер баталарын жазып, риза болады. Арасында "Неге сәлем саласыз? Сізді өзіңізден кішілер де қарайды ғой" деген хаттар келеді. Сәлем салғаным- мені қарап отырған үлкендерге деген құрметім, ал жастарға берген өнегем деп білемін. Еліміздің кей өңірлерінде бұл дәстүр жұтылып барады. Мәселен, солтүстік өңірлерде сәлем салу дәстүрі жоқ екен. Сол жақтың келіндері "сәлем салғымыз-ақ келеді, бірақ біз жақта біртүрлі қарайды" деп жазады маған. Мүмкін біз секілді келін-блогерлер "сәлем салу" эстафетасын барша келіндерге жолдасақ, көпшілікте қызығушылық оянып, керемет салтымызды жаңғыртуға болатын шығар. Осы ойымды құптаушылар табылса, эстафета бастауға болады", - дейді Ақтолқын.
Керей елінен шығып, Шөмекей-Тоқа еліне келін атанған Ақтолқын сөз соңында заманауи қазақ келіндеріне қатысты пікір білдірді.
"Меніңше, қазіргі заманауи қазақ келіні жан-жақты, қоғаммен араласа отырып, үй шаруасына да үлгеретін, бірінші орынға отбасын қойып, ата-енесінің көңілінен шыға білетін, баласын да тауып, күйеуін төрге сүйрейтін әйел болуы қажет", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1820314-robot-kelin-klli-zrtka-knde-slem-salatyn-kyzylordalyk-kelinsek-eldi-algysyna-blendi/