Әбдіжаппар Әлқожа ауыл тұрғындарына арнап, өз қаржысына мешіт салып берді (видео)
Жарияланған күні:
Қазақ өнерінде өзіндік орны бар Әбдіжаппар Әлқожа Қызылорда облысында орналасқан елді мекенге мешіт салды. Бұл туралы өнер иесінің әріптесі Серік Ибрагимов Instagram желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Әбдіжаппар Әлқожа бауырым, жария садақаң қабыл болсын! Алла сансыз сауаптан жазсын! Біздерге ибрат көрсеткеніңе рақмет! Бізге де осылай мешіт салуда Алла нәсіп етсін. Аумин. Игі іс істеп жарысайық. Жарадың бауырым", - деді ол.
Мешіт Қармақшы ауданы, Алдашбай ахун ауылында бой көтерген.
Елді мекен тұрғындары әншіге сауапты іс үшін үлкен алғысын білдіруді ұмытпады.
"Қадірлі Әбдіжаппар Әлқожа! Сізге көптен-көп рақмет. Ауылымызға жаңадан мешіт салдырып, халық пен Алланың алдында сауапты іс жасадыңыз. Сізге ұзақ өмір, шығармашылығыңызға табыс тілеймін. Әрқашан биіктерден көріне беріңіз", - деді Ғайни есімді ауыл тұрғыны желідегі парақшасында.
Мешіттің ашылу салтанатында қазақ эстрадасының танымал өкілдері бой көрсеткен.
Олардың арасында Төреғали Төреәлі, Серік Ибрагимов, Жігер Ауыпбаев, Жолдасбек Абдиханов, Ерасыл Хасен бар.
Әбжаппар Әлқожа Instagram желісіндегі парақшасында мешіт салуына не себеп болғанын айтып берді.
Ол осы күнге жеткізген Алла шүкіршілік айтатынын жеткізді.
"Арманым осындай бір жетістік еді. Мақтаныш үшін емес, кей азаматтарға үлгі болсын деп жариялап жатырмыз", - деді әнші.
Әбжаппар бұндай қайырымды істі "біреу үлгі алады, біреу ғибрат алады" деп жариялау қажеттігін ағалары айтқанын жасырмады.
"Дүниесін казинода, кафеде, шетел, ресторанда шашып жүрген жандар қарап ойлансын деді. Мен бай емес шығармын. Бірақ ел арасында жүріп ұққаным, ата анамнан көрген тәрбием осы іске жетеледі.
"Қарттық келуден алдын жастықтың қадірін біліңіз, Бақыт іздеуден алдын бағыңызды бағалай біліңіз. Әркім пікірін әрқалай жазарын да білемін.
Бірақ біз баспана сыйласақ та жариялаймыз, машина сыйласақ та солай жасаймыз. Бізден қазір сондай пенделерміз.
Ал Алланың үйін кең жамағатқа жасаған сәтте жасырып қалсақ жақсылықтың жаршысы кім болады?
Жақсы іс жасап жарысайық. Жамандықты жасырайық. Оның үстіне бұл мешіт құрылысына менің ғана еңбегім сіңгені жоқ. Әуелі Алла, сосын халық деген кең ұлтымыздың ақ батасы", - деді әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1820619-bdizappar-lkoza-auyl-trgyndaryna-arnap-z-karzysyna-mesit-salyp-berdi-video/