RU
Ақтөбеде дәрігерлердің қолынан 20 жастағы келіншек көз жұмды

Ақтөбеде дәрігерлердің қолынан 20 жастағы келіншек көз жұмды

Рассказать Вконтакте

Ақтөбедегі жеке емханада 20 жастағы келіншек көз жұмды. Медициналық орталыққа өз аяғымен келген Гүлдана Нұрмағанбетованың екі сағаттан кейін денесі шығарылған. Көз жасын тоқтата алмаған марқұмның жолдасы араша сұрап жүр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: KAZ.NUR.KZ.

Фото: KAZ.NUR.KZ.

Марқұмның жұбайы жүктілік кезінде Ақтөбедегі ең үздік клиникалардың біріне қаралып жүргенін алға тартты.

"Үйленгенімізге бар болғаны 1,5 жыл. Балалы болуды армандадық. Келіншегім сегіз ай бойы "Әлия" жеке клиникасына қаралып жүрді. Ақтөбедегі ең жақсы, ең қымбат әрі сенімді деп таңдадық. Емге ақша аяған жоқпыз. Жатырына салқын тиген екен, трубкасын тазалау процесінде еді. Сол күні бірінші сол жақ жамбасына дәрі екті. Бәрі содан басталды. Жамбасына дәрі салғаннан кейін ол дәлізде аяғын сілтіп басып жүрді. Кейін оны ішке алып кетті.
Бес минуттан кейін әйелім қатты шыңғырып жіберді. Оның даусын емханадағы адамның бәрі естіді. Төрт рет шыңғырды. Даусы сондай аянышты болды, жан алып жатқандай... Дәрігерлер тоқтаған жоқ. Соңында әйелім әлсіреп, құлап есін жоғалтқан. Оның құлағанын естідім, бірақ мені ішке кіргізген жоқ. Бір дәрігер дәріге аллергия бергенін, екіншісі жүрегі ұстағанын айтты", - дейді марқұмның жолдасы Айдос Нұрмағанбетов.

Қайғылы жағдай қаладағы медициналық орталығында болған. Емханаға еріп келген жолдасына әйелінің өлімін екі сағаттан соң ғана жеткізген.

Марқұмның туыстары дәрігерлерді қылмыстық жауапқа тартуды сұрайды.

"Екі сағаттан кейін кіргенімде беті мен қолы көгеріп, қаны кетіп қалған. Ол 5 минут бұрын болған өлім емес екенін түсіндім. Алланың жазғаны шығар. Бірақ, бұл жерде дәрігерлердің кінәсі бар деп білемін. Мен әйелімнің ата-анасының көзіне қалай қарарымды білмеймін. Менің талабым, осы істі жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылсын. Сотқа арыз түсіремін", -дейді марқұмның жолдасы. Қазіргі күні мәйітке экспертиза жасалып жатыр.

Медициналық орталықтың директоры марқұмның клиникада қаралып жүрген кезде ағзасы емге аллергиялық реакция бермегенін сөз етті.

"Қазір денсаулық сақтау және құқық қорғау орындарының мамандары комиссиялық тексеріс жүргізіп жатыр. Комиссия қорытындысыз мен ештеңе айта алмаймын. Алдын ала болжам бойынша, анафилактический шок болған дәріден шок алуы мүмкін. Марқұм осыған дейін біздің орталықта ем алып жүрді. Осыған дейін алларгиялық реакция берген жоқ", - дейді "Әлия" медициналық орталығының директоры Әлия Шангараева.
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel