Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төркініне таси береді": Әйелінің ерсі әрекетінен шаршаған көкшетаулық жігіт мұңын шақты

Опубликовано:

Осыдан бес жыл бұрын отбасын құрған көкшетаулық Әділ бүгінде келіншегі Жадырамен бірге екі баланы тәрбиелеп отыр. 32 жастағы азаматтың орталық базарда бірнеше сауда нүктелері бар. Автобөлшектерді сатумен айналысатын кәсіпкердің тұрақты табысы да жаман емес. Алайда балаларына бұйырған несібені әйелі төркініне таси беретін көрінеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Төркініне таси береді": Әйелінің ерсі әрекетінен шаршаған көкшетаулық жігіт мұңын шақты
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Әділдің жары Жадыра көпбалалы отбасынан шыққан. Бүгінде ол қаладағы орта мектептердің біріне мұғалім болып еңбек етеді. Тұрмысқа шыққанға дейін жас келіншек жанұясын асырап, жақындарына көмектесіп жүрген. Отбасының материалдық жағдайының төмендігінен Жадыраның "Ұзату тойы" да болмаған екен. Екі жақтың келісімімен Әділ сүйіктісін алып қашуға мәжбүр болған.

"Жадыраның ата-анасы - зейнеткер. Үлкен ағасы жақында екінші рет үйленді. Әпкесінің күйеуі ішімдікке өте жақын адам. Сіңлісінің де отбасылық проблемалары көп. Тұрақты жұмыс болмағандықтан қаржыдан үнемі қысылып жүреді. Менің келіншегіме жиі хабарласып жататынын еститінмін, бірақ аса мән бермеуге тырысып жүрдім. Жадыраның өзі де менен қатты қысылып қалатын", - дейді Әділ.

Отбасылық өмірдің алғашқы жылдары Әділ келіншегінің жақындарына көмектескеніне қарсылық білдірмейтін. Мүмкіндік болғанда қайын жұртына азық-түлікпен, кейде ақшалай көмек беретін. Екеуі бірдей жұмыс жасағандықтан, мұндай шығындар аса сезіле бермеаті. Жадыра бала босанып, декреттік демалысқа шыққаннан кейін өзге жанұяға қолғабыс жасау қиындап кетті.

"Жадыра бала босанып, үйде отырды. Тапқан ақшамды күнделікті шығындарға жаратып, ауысқанын әйеліме беріп қоятынмын. Кәсібімді кеңейтіп, жаңа бизнес түрін бастағым келеді. Алайда, келіншегімнің туыстары мазамызды алып, берекемізді қашыра береді. Жадыра жинап қойған ақшамыздан алып, жақындарына беріп жіберетінді шығарды. Сұрасам "қарызға алды, әкеліп береді" деп ақталады. Бірақ берешек ақшаның қайта келгенін көзім көрген емес", - дейді азамат.

Мұндай келеңсіз жағдайлар қайталана берген соң, Әділ ақшасын әйеліне бермей қойғанын айтады. Керек азық-түліктер мен балаларына қажетті дүниелерді сатып алуға ғана қаражат бөліп жүр. Бұрын келіншегі төркініне ақшалай көмектессе, қазір азық-түлікпен жәрдемдесетінді шығарған. Үйіне қонақтап келген бауырларының қалталарына түрлі тәттілерді толтырып, тіпті күйеуінен жасырып ет беріп жібереді екен.

"Жуырда сиыр етінің жілігін әкелген едім, бір аптадан соң ет таусылып қалды. Үйге келген сіңлісіне соғымның жартысын беріп жіберіпті. Осындай жағдайлардың кесірінен қазір әйелім екеуміз жиі ұрыса береміз. Маған "арамсың, сарансың" дейді. Бірақ мен өзімнің маңдай теріммен тапқан ақшамды қайын жұртымның жаратқанын қаламаймын.
Жадыраның жездесін жұмысқа шақырған едім, келуден бас тартты. Өздері еңбектеніп, ақша тапқылары келмейді. Дайын пайданы олжа көреді. Өзімнің жоспарлаған мақсаттарым бар. Неге мен келіншегімнің төркіні үшін, балаларымның болашағын жарқын етпеуім керек?", - деп ашуланады біздің кейіпкеріміз.

Жуырда Әділ келіншегінің атында несие бар екенін кездейсоқ біліп қойғанын айтады. Поштамен келген қағаздан банкке бір миллион теңге берешегі бар екенін оқыған. Кейін Жадыра бұл ақшаны туған ағасына алып бергенін мойындаған. Бастапқыда несиенің ай сайынғы төлемін күйеуі берген ақшадан төлеп отырған екен. Кейін қаражат бермей қойған соң, қарызын төлей алмай қалған.

"Жадыраға не деп айтарымды білмей қалдым. Бір аптадан астам уақыт сөйлеспей жүрдік. Үйге жұмыстан кеш барып, ерте кетіп қалуға тырысып жүрдім. Жүзін көргім келмеді. Ашумен бауырларына хабарласып, үйіме келуші болмаңдар дедім. Анасына да болған жағдайды айттым. Үлкен кісінің кешірім сұрағаны ыңғайсыз екен. Қазір келіншегімнің қарызын төлеуге кірістім. Мұндай жағдай тағы қайталанса, ажырасудан басқа амалым болмай тұр", - дейді Әділ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1824045-trkinine-tasi-beredi-jelini-ersi-reketinen-sarsagan-kksetaulyk-zigit-myn-sakty/

pixel