Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда күніне 150 жұп ажырасады

Опубликовано:

Қазақстанда күніне 150 жұп ажырасады екен. Яғни, сағатына жеті отбасының шаңырағы шайқалады деген сөз. Ең сорақысы, жыл сайын тіл табыса алмай, екі жаққа кететіндердің қатары артып келеді. Ал некелескендердің саны керісінше азаюда деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Статистика комитетінің дерегінше, елімізде соңғы бес жылдың ішінде некелескендердің саны 15 пайызға төмендеген. Сөйтіп былтыр 137 797 жұп қана отау құрыпты. Ал некесін бұзғандардың қатары 3 пайызға артып, өткен жылы бұл көрсеткіш 54 797-ні құрапты. Яғни отасқандардың тең жартысына жуығы ажырасып кеткен екен.

"Ажырасқандардың орташа жасы ер адамдарда 38,5, ал әйел адамдарда 34,3. Осы қаңтар-қыркүйек айындағы ағымдағы жылдың 1000 адамға шаққанда Павлодар облысында 4,2, Нұр-Сұлтан қаласы 4,1, Ақмола облысы 3,9, Алматы қаласы 3,8", - дейді Экономика министрлігі статистика комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Маханбетова.

Ажырасқандардың қатарында кәмелет жасына толмағандары да бар. Тек былтырдың өзінде ерте некелескен 1000-нан астам жұптың шаңырағы шайқалыпты.

"Әрине баспана мәселесі. Әрине жұмыс мәселесі көтеріледі. Әрине бала мәселесі көтеріледі. Баланы балабақшаға беру. Бұл өте кешенді мәселе. Оны жүйелі кешенді түрде шешу керек деп ойлаймын. Сондықтан мемлекеттің барлық мекемелері жергілікті атқарушы органдар да сөзбен емес, іспен осыған үлесін тигізу керек", - дейді парламент мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев.

Ал психологтар ажырасуға бел буған жастарға ешқандай мемлекеттік бағдарлама көмектеспейді, мәселе мүлдем басқада деп отыр.

"Ажырасу бұл жерде психологиялық проблема. Оған ешқандай бағдарлама да, ешқандай заң да көмектеспей қалуы мүмкін. Өйткені, ол адамның қалауы. Ал адамның қалауына не әсер етті? Оның ажырасуға не себеп болды? Соны анықтап, сонда ғана жұмыс істесек, онда ажырасу азаяды", - дейді психолог Жанагүл Тұрманова.

Қоғам белсендісі Камал Альпеисова мәселенің түп-төркіні ата-ананың балаға берген тәрбиесінде жатыр дейді.

"Қыз баланы ойбай, осы менің ханшайымым деп өсірмеу керек. Қыз баланы сен болашақ анасың, сен үйдің шаруасын шыр көбелек айналдырып отыратын, бір үйдің ұйытқысысын деп үйрету керек. Мен мынау тойларда шешелерінің құдағи енді өзіңіз тәрбиелеп аласыз деген сөздеріне қарным ашады. Жоқ, ол шешесі тәрбиелеу керек оны. Сол сияқты ұлды да сен болашақ күйеусің, сен болашақ әкесің, сен асыраушысың деп үйрету керек", - дейді ол.

Ресми дерекке сенсек, елімізде күніне 370 жұп шаңырақ көтеріп, оның 150-і ажырасады. Айта кетерлігі, некесін бұзатындардың 70 пайызында ортақ балалары бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1827158-sesesi-trbieleu-kerek-kogam-belsendisi-zastardy-ne-sin-azyrasatynyn-ajtty/

pixel