RU

"100 теңге челленджі": Желіде оқырмандардан ақша сұрау үрдісі белең алды

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Жыл басталғалы бері әлеуметтік желіде "100 теңге бер де, арманымды орында" атты өзіндік бір челлендж пайда болды. Ол үрдістің басты мақсаты - жұрттан ақша сұрау, яғни тілену. Ал көптен жиналған қаржыға кейбірі мұқтаж жандарға көмектеспек болса, енді бірі демалысқа Мальдив аралдарында демалып келмек екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

"100 теңге челленджі": Желіде оқырмандардан ақша сұрау үрдісі белең алды

Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгінгі таңға дейін әлеуметтік желілердегі хайп іздеген вайнерлер, блогерлер осы бір үрдісті сылтауратып, көліктен түсіп биледі де, бөтелкенің қақпағын аяқпен де ашты.

Енді, "Арманымды орында" деген атаумен жаңа челленджды ойлап тапты. Оның басты мақсаты - өз қажеттілігі үшін жұрттан жылу жинау.

"Оны бір адам бастады. Бір отбасыға көмек көрсетейік деген ниетпен басталған шығар. Ал, қазіргі таңда ол, көпшілікке, аудиториясы көп азаматтарға, блогерлерге десек те болар, танымал адамдар үшін қызыққа айналып бара жатыр. Егер шынымен жақсылық жасағың келсе, біреуге 100 теңге бергің келсе, оны мешітке бер. Егер шынымен 100 теңгеңді бергің келсе қасыңдағы достарыңмен бірге ақша жинап, сол мұқтаж отбасыға өз қолыңмен азық-түлік апарып бер", - дейді блогер Батыржан Ибрагим.

Ол адам анық біреуге көмек қолын созғысы келсе, тағдырдың тауқыметін тартқан, жағдайы төмен отбасыларға өз қолымен көмек көрсеткен анағұрлым пайдалырақ деген пікірде. Өйткені жиналған қаржы белгісіз адамның қалтасында қалып кетуі ықтимал екен.

"Дәл қазір менің инстаграмдағы оқырмандарымның саны 100 мың. 100 мың оқырманнан 100 теңгеден жинасам, 10 млн теңге болады. Мен егер ол ақшаға мұқтаж болмасам, оның маған не керегі бар? Яғни, мен біреудің ақысын жеп қойдым деген сөз. Ол ақшаға шынымен де біреу мұқтаж болуы мүмкін. Расымен қазір бір адам, бір күндік азығын таба алмай отыруы мүмкін", - деді ол.

Ал, қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы, қазіргі жастардың ұсақталып бара жатқанына алаңдаулы. Себебі, оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер мұқтаж жандарды сылтауратып жұрттан ақша жинайды.

Ал, ол көмектің шын мәнінде жағдайы төмен жандарға жетіп жатыр ма, жоқ па ол жағына үңіліп жатқан ешкім жоқ, дейді.

"Жалпы, қазір жастардың арасында, адамдардың арасында бір тіленіп, ақша сұрау, сұраншақтану жиі көрініс алып кеткен сияқты. Өзіміздің де кейде жеке чатымызға шығып алып, осындай көмек керек болып тұр деп, ақша сұрап көмектесуді сұрап жататындар өте көп. Бұл енді бір жеңіл өмір сүруге, жеңіл жолмен ақша табуға деген ұмтылыс деп білемін", - деді қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы.
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"100 теңге челленджі": Желіде оқырмандардан ақша сұрау үрдісі белең алды
Mailfire view pixel