"Анам сенбей қойды": 12 жасында туған әкесі зорламақ болған әйел азапты өмірін айтып берді
Жарияланған күні:
Нұршаш Алдабергенқызы жасөспірім кезінде өзін туған әкесінің зорламақ болғанын жайып салды. Сөзінше, ер адам оның анасынан 20 жасқа үлкен болған. Ол қызы 12 жаста болған кезде оны төсекке тартқан екен деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Нұршаш "Астарлы ақиқат" бағдарламасына келіп, өткен өмірін баяндап берді.
Бүгінде екі баланың анасы болып отырған әйел кішкентай күнінен әкесінен қорлық көргенін айтты. Сөзінше, қарт адам 12 жастағы қызына әуретті жерін ұстатып, төсекке тартқан.
"12-13 жасымда маған тиісе бастады. Шешіндіріп, сипайтын. Мамама шет жағасын айттым, ол сенбей қойды. Сондықтан үйден қаша бердім. Психикалық ауытқуы бар адам болған сияқты. Мамамнан 20 жасқа үлкен", - деді ол.
Келіншектің айтуынша, ер адам кенже қызын да қорламақшы болып, үлкен ұлын ұрып-соққан екен.
"Сіңліме де, бауырыма да тиісетін. 13 жаста болсам да, маған ана жеріме массаж жасап бер дейтін. Мен қорыққанымнан массаж жасадым. Ол кісі дәрігер болған. Кез келген адамды емдейді. Ертесі күні қайта сондай жағдай қайталана ма деп үйге келмей, қашып кеттім", - дейді Нұршаш.
Cтудияға келген әйелдің анасы о баста әкесінен қорлық көріп жүргенін айтқан қызына сенбегенін сөз етті.
Алайда кейіннен күйеуінің ерсі қылықтарынан кейін күмәндана бастапты.
"Ол емші болатын. Қытайдан келген. Әке-шешемнен айырылып, отырып қалған едім. Бұйырғаны осы шал болды. 32 жаста тұрмысқа шықтым. Сол кездің өзінде ол 55-терде болды.
Бірінші жыл жақсы болды. Кейін бәрі шыға бастады. Қыздарымды өзім жуындырамын дегенді шығара бастады. "Сен дұрыс жумадың" деп шығарды. Содан күдік пайда болды", - дейді Нұршаштың анасы.
Сондай-ақ, егде жастағы әкесі оларға қарудан оқ атыпты. Ер адам туған ұлын 4 рет атқан екен.
"Бір күні ағам төсектің аяқ жағында отырған. Жастықың астында әкемнің тапаншасы тұратын. Ағам 17 жаста еді. Өсе келе папам одан қорқатын болды. Ағамның басынан атқалы жатқан кезде мамам арашалап қалып, оқ оның қолына тиді", - дейді келіншек.
Ең сорақысы, бауыры туған қарындастарын әкесінен құтқарамын деп абайсызда оны өлтіріп алған.
"Әкем маған тиіспек болды, мен балалар үйіне қашып кеттім. Кейін сіңліме тиісе бастады. Ол да үйден қашып кетті. Кейін анам бауырыма хабарласып, бәрін айтқан.
Оны естіген ағам үйге келеді. Әкем құмалақ ашып, кімнің келетінін біліп отырған. Сол кезде оқ-дәрісін дайындап отырыпты. Ағам келген кезде, төбелесіп, оқ атылып, әкем қайтыс болды. Ал ағам әкесін өлтірді деп түрмеге қамалды. Ол бізді құтқармақ болды", - деп күйінді кейіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1837244-anam-senbej-kojdy-12-zasynda-tugan-kesi-zorlamak-bolgan-jel-azapty-mirin-ajtyp-berdi/