Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бекшин Қытайдағы қауіпті вирустан қалай қорғануға болатынын айтты

Опубликовано:

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен брифинг барысында Қытайдың Ухань қаласында таралған жаңа коронавирустан қалай қорғануға болатынын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жандарбек Бекшин. Фото: aikyn.kz
Жандарбек Бекшин. Фото: aikyn.kz: Facebook

Осы орайда ол әлемнің атипті пневмония мен Эбола безгегін бастан кешкенін еске салды.

"Біз ауырлығы жағынан коронавирустан асып түсетін өткір респираторлық синдромды бастан кештік. Эбола індетін өткердік. Сол кезеңде біз ұшақпен тасымалдау үшін жедел жәрдемді қорғаныс капсулаларымен жабдықтадық. Олардың автономды ауа алмасу және ауа тазарту жүйесі бар", – деді Бекшин.

Оның айтуынша, облыстық жедел жәрдем стансаларының барлығы осындай капсулалармен жабдықталған. Олар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бар.

"Жалпы, сіздер аурудың ауа-тамшы жолдарымен таралу мүмкіндігі онша жоғары емес екенін көрдіңіздер. Қытай денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлерінің арасында аурудың таралуы жайлы ресми ақпарат жоқ. Яғни, қарапайым қорғаныс құралдарымен қорғануға болады", – дейді бас санитарлық дәрігер.

Сонымен қатар, дәрігерлердің мәліметінше, коронавирусты емдеудің нақты әдісі немесе оған қарсы дәрі-дәрмек жоқ. Дертке шалдыққан жағдайда емдеу шаралары аурудың белгілеріне қарай жүргізіледі.

Журналистер ауруды жұқтырған адамның 3-4 тәулік ішінде көз жұмуы немен байланысты екенін сұрады.

Өз кезегінде санитарлық дәрігер жаңа қауіпті вирус кезінде инкубациялық кезеңнің орта есеппен 2-ден 7 тәулікке, ары кетсе 10 тәулікке дейін жалғасатынын атап өтті.

"Сондықтан да суық тиюден болатын ауруларға ұқсас белгілер – температураның көтерілуі, демікпе, жөтел, әлсіздік болғанда дереу дәрігерге жүгіну қажет. Адамдар медициналық көмекке уақытылы жүгінбеген. Коронавирустың көп адамның өліміне соқтыруы осымен байланысты", – дейді Бекшин.

Ол бірінші кезекте аурудан өкпе зақымданатынын жеткізді.

"Халықпен жұмыс жасайтын медицина қызметкерлері маска киюі керек. Оның үстіне, қазір суық тиюден болатын аурулардың өршіп тұрған кезі. Вирустық инфекциялардың белең алған шағы. Ал аурудың белгілері, өздеріңіз көріп отқандай ұқсас.
Сондықтан да медицина қызметкерлері маска киіп жүруі тиіс, олар өздерін де, науқастарды да қорғауы керек.
Сондай-ақ өткір респираторлық вирус инфекциясы мен тұмау белгілері бар адамдар да маска тағуы қажет", – дейді санитарлық дәрігер.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1837509-beksin-kytajdagy-kauipti-virustan-kalaj-korganuga-bolatynyn-ajtty/

pixel