Тоқаев шейх Заид мешітінде БАӘ алғашқы президентінің рухына тағзым етті (фото)
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Даби қаласының ең көрікті жерлерінің бірі – шейх Заид мешітіне барып, Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаушы және алғашқы президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Заид мешітіндегі Құрметті қонақтар кітабына:
«Өз халқының ұлы перзенті, Әмірліктердің негізін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқының ырысы мол, берекесі баянды, мерейі лайым үстем болуына шын жүректен тілектеспін!», – деген қолтаңба қалдырды
Сонымен қатар, Қазақстан президенті «Уахат әл-Карама» мемориалды кешеніне барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1971 жылдан бері соғыста немесе қызмет бабында қаза болған сарбаздарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, дипломаттар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтарына арнап соғылған, атауы – «Намыс оазисі» деген мағына беретін кешенді аралап көрді. Құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.
Президент мемориал кешеніндегі Құрметті қонақтар қолтаңба қалдыратын кітапқа:
«Сын сағатында қаһармандық танытқан саңлақтар мемориалы болашақ ұрпаққа бейбіт өмірдің құндылығын дәріптейді. Өз Отанының мүддесі жолында қасиетті борышын өтеп, құрбан болған перзенттер рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқына құт-береке мен мол ырыс тілеймін», – деген тілегін қалдырды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізген болатын. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1838135-tokaev-sejh-zaid-mesitinde-ba-algasky-prezidentini-ruhyna-tagzym-etti-foto/