Қордайдағы оқиғадан 8 адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жамбыл облысында ауылдастар арасында болған жанжалдан сегіз адам қаза болып, 40-тан аса адамның әртүрлі жарақат алғанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрдің сөзінше, 7 ақпан күні сағат 19.00-де Жамбыл облыстық Полиция дептарментінің кезекші бөліміне 70 адамның қатысуымен топтық төбелес жайлы ақпарат келіп түскен.
"Арандатушылар мен куәгерлер жанжалды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан. Сонымен қатар азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттерге шақырған. Осыдан кейін жанжал орнына әртүрлі көршілес елді мекендерден 300 адам келген. Бұзақылар бір-біріне тас лақтырған. Металл заттар қолданған. Сондай-ақ, қару қолданған", - дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Кейін жанжал Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарын қамтыған.
Осыдан кейін бірнеше елді мекендермен оларға кіретін жолдарға, тас жолдарға бақылау-өткізу пункті қойылған.
Министрдің сөзінше, оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан аса адам зардап шеккен.
Еске сала кетейік, 7 ақпанда, Жамбыл облысында жаппай тәртіпсіздіктің орын алғаны жайлы кадрлар әлеуметтік желіде пайда болды.
Облыстық полицияның баспасөз қызметі аталмыш оқиғаға пікір білдіріп, Жамбыл облысының Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында топтық төбелес орын алғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, құзырлы орган полицияның күшімен қақтығыс тоқтатылғанын, жағдай бақылауда екенін хабардар етті.
Кейін мемлекет басшысы Қордай ауданындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, оқиғаны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді.
Бүгін президент Жамбыл облысындағы ахуалға қатысты тағы да мәлімдеме жасап, оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің бар екенін айтты.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1840035-kordajdagy-okigadan-8-adam-kaza-tapty/