IBF және IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің рингке оралуы тағы да кейінге шегерілді. Оған себеп жіліншік жарақаты болып отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Осыған байланысты, Головкин мен оның командасы Халықаралық бокс федерациясына титулды қорғау үшін уақыт беруді сұрады. Дереккөздерге сәйкес, GGG-дің міндетті үміткері Камил Шереметаға қарсы кездесуі мамыр немесе маусым айында өтеді.
Осыған дейін қазақстандық боксшының оралуы ақпан айында күтіліп, кейіннен наурызға ауыстырылған болатын. Одан кейін кездесу датасы 11 сәуірге белгіленіп, жекпе-жек орны ретінде Чикаго (АҚШ, Иллинойс штаты) таңдалған еді. Бокс кешінің Қазақстанда өтуі мүмкін деген нұсқа да болды.
DAZN өкілі Головкин-Шеремета жекпе-жегіне жаңа дата қарастырылып жатқанын растады. Том Леффлер мен GGG Promotions пікір білдірген жоқ.
Алдағы кездесуде Головкин 5 қазан күні төрешілердің бірауыздан шешімі арқылы украиналық Сергей Деревянченкодан жеңіп алған IBF титулын алғаш рет қорғамақ.
Дәл сол бокс кешінің андеркартында Шеремета қолғап түйістірдген еді. Польшалық екінші раундта мексикалық Оскар Кортесті нокаутқа түсіріп, IBF титулына үміткер атанды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1841641-gennadij-golovkin-ringke-oraludy-kejinge-segerdi/