Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО ауруханасына коронавирус жұқтырған Қытай азаматтарының жатқызылғаны рас па (видео)

Жарияланған күні:

Кешелі бері әлеуметтік желілерде ШҚО-дағы ауданға коронавирусты жұқтырған Қытай азаматтары жеткізілгені туралы ақпарат пайда болып, елді дүрліктірген. Алайда облыс әкімдігі бұны жоққа шығарып, Даниал Ахметов жұртты сабырға шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО ауруханасына коронавирус жұқтырған Қытай азаматтарының жатқызылғаны рас па (видео)
Фото: Видеодан кадр: UGC

Желіде коронавирус жұқтырған Қытай азаматтарының Зайсан ауданындағы ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат тараған.

Мұны естіген Сартерек пен Айнабұлақ ауылының тұрғындары сондағы аурухананың алдына жиналып, шекараның жабылуын талап еткен.

"Облыс әкімі Даниал Ахметов жұртты тыныштандыру үшін Зайсанға келді. Өңірімізге науқас адамдар әкелінеді деген ақпарат жалған. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын еске саламыз", - деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

19 ақпан күні аймақ басшысы Даниал Ахметов халық алдында есеп беру кезінде шекаралас ауыл тұрғындарын коронавирустан үрейленбеуге шақырған.

"Қазақстанда инфекция жұқтырған ешкім жоқ. 17 ақпаннан бастап Қытайдан келген әрбір азамат 2 аптаға обсервациялық бақылауға жатқызылады. Облыстың медициналық мекемелерінде коронавирусқа қарсы препараттар қоры жеткілікті. Қазір ауруларды ешкім әкеліп жатқан жоқ, шекараны біз жаба алмаймыз. Ол жерде сіз бен біздің балаларымыз білім алуда. Олар елге қайтқысы келсе, сол жерде қалдырып кетуіміз керек пе сонда? Баршаңызды үрейленбеуге шақырамын. Жағдай бақылауда", - деген еді Даниал Кенжетайұлы.

Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңір аумағында коронавируспен ауыратындардың жоқ екенін атап өтті.

"Біз сол жерден қайтып келген еліміздің азаматтарын бақылау үшін Қытаймен шекаралас Зайсан мен Үржар ауданында 300-ге жуық стационарлық төсек-орын дайындадық. Олардың барлығы сау, ауру белгілері жоқ. Медицина қызметкерлері шекарадан өткендердің барлығын тексеруде", - деді Ілияс Мұхамеджан.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Петропавлда Таиландта демалып келген бір отбасының коронавирус күдігімен ауруханаға жеткізілгені хабарланған. Тексерістен кейін олардан коронавирус инфекциясы анықталмағаны белгілі болды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1841875-sko-auruhanasyna-koronavirus-zktyrgan-kytaj-azamattary-zatkyzylagany-ras-pa/