RU

Мұхамеджан Тазабек: Қасиетті жұмада мешітке бас сұғып бара алмай қалдық

Отандық танымал айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек енгізілген карантин режимі кезінде мешіттердің жабылуына қатысты өз пікірін білдірді. Ол халықтың қасиетті жұмада мешітке бара алмай жатқанына күйінді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: видеодан кадр
Фото: видеодан кадр: UGC

Мұхамеджан Тазабек Instagram желісінде ауқымды жазба жариялап, карантинге орай мешіттердің жабылу мәселесін көтерді. "Асыл арна" директоры бұл жайында өз ойын ашық білдірген.

"Пендеміз ғой. Күнделікті дастархан мен дәретхананың арасындағы тірлікке тиянақтымыз. Бесік пен бейіттің арасындағы өткінші өмірге қаттырақ уайымдаймыз. Басымызға күтпеген сынақтар келіп, ел-жұрт абыржып, бір түрлі бір уыс боп, бүктетіліп қалдық. Алланың не қалағаны бар?! Пенделерінен не күтеді?! Жан-жақтағы жағдайдан лайықты ғибрат алып, керекті кешірім жүрегімізден шығып жатыр ма?!

Ауызымыз не айтпады, қолымыз неге бармады?! Көзіміз нені көрмеді, көңіліміз неге шаппады?! Ештеңе жауапсыз қалмайды. Артық сөзбен асылық айтып, қанағатсыздықпен қасірет тауып алған жоқпыз ба?! Нәпсімізді күйттейміз деп, Алланы ашуландырып алған жоқпыз ба?! Жер бетіндегі патшалар егелік қыла алмайтын, әлемдердің патшасы ғана назарына алған мешіттерге бара алмай қалсақ, салмақты себептерген қасиетті хұтпаға құлақ қойып, дұға қайтарылмайтын сәттерде жамағатпен иық тіресіп тұра алмасақ, біз терең ойланып, терең тәубе қылуымыз керек.

Қонаққа шақырылмай қалсақ та, құрметпен сөз берілмей қалса да ренжитін пендеміз ғой, ал, қасиетті күні, қасиетті мешітке бас сұғып бара алмай жатсақ, неге ойланбасқа, неге Аллаға тәубе жасап, нұрға малынған күндерімізді жалынып сұрамасқа?! Әр нәрсе Алланың қалауымен болады. Вирус та тоқтап, карантин да кетер. Бірақ, соған себеп болған, Алланың алдында дәрежемізді түсіріп, дабылымызды қақтырған күнәміз кешірілер ме, кесіріміз кесілер ме?!

Санамыз сәулеленіп, жүрегіміз мейірленіп, дүниеміз ізгі жолға жұмсалар ма?! Құдайдың құдіретін көріп тұрып, пенденің әлсіздігін сезіп тұрып, әлемдік дүрбелеңнен сабақ алмай, дүние-ақыреттің қамына қадам баспай, қаперсіз хәлде адасып жүргеннен Алла сақтасын! Шуақты күндеріміз оралып, тұрақты тірлігіміз қалпына келгей! Алла баршамыздың пенделігімізді кешірсін! Ақиқатты ақиқат, жалғанды жалған қып көрсетіп, жәрдемсіз қалдырмасын" , - деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда карантин уақытысына мешіттерді жауып тастайтынын хабарлаған болтынбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1846506-mhamedzan-tazabek-kasietti-zmada-mesitke-bas-sgyp-bara-almaj-kaldyk.html