Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа ережелер: Нұр-Сұлтан және Алматыда карантин режимі күшейтіледі

Жарияланған күні:

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жаңа ережелер: Нұр-Сұлтан және Алматыда карантин режимі күшейтіледі
Фото: рrimeminister.kz: Facebook

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, шектеу шараларын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы әділет министрі Марат Бекетаев пен бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, республикалық маңызы бар қалалардағы ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны белгілеу туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров және мемлекеттік органдардың басқа да басшылары баяндады. 

Мемлекеттік комиссия биылғы 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап келесі шараларды қабылдау арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді  бекітті:

  1. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
  2. Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
  3. Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
  4. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа); 
  5. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу. 

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласындағы Абай ауданында «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында үйді-үйді аралауды ұйымдастырумен 14 күнге созылатын карантин енгізіледі. 

Шымкент қаласында сонымен қатар әуежайдың, теміржол вокзалы және автовокзалдың, балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Халық көп жиналатын жерлер жабылады (саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары т. б.).

Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі (сағат 18.00-ден сағат 22.00-ге дейін үйге жеткізумен). Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі.

Азық-түлік дүкендерінің, сауда орталықтары мен киім-кешек базарларының, қызмет көрсететін нысандардың жұмыс режимін шектеу Шымкент қаласының әкімінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. 

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Әділет министрлігімен бірлесіп шектеу шараларын енгізу бойынша тиісті актіні қабылдауды тапсырды. 

Отырысқа қатысушылар сонымен қатар тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету және олардың бағасын тұрақтандыру, көктемгі каникулдан кейін мектеп оқушыларының қашықтан оқуын ұйымдастыру (биыл 6 сәуірден бастап), сондай-ақ шетелде қалған, отанға оралуға ниетті ҚР азаматтарына қолдау көрсету мәселелерін қарастырды. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1847327-zaa-erezeler-nr-sltan-zne-almatyda-karantin-rezimi-ksejtiledi/