RU

"Ешкім ешқайда шықпайды: Елордалық медбике инфекциялық изолятордағы бір күнін әңгімеледі

Бүгінде бүкіл әлемде ақ халатты жандар дүние жүзін жайлаған COVID-19 инфекциясынмен табанды түрде күресуде. Олардың қатарында елге коронавирус енгелі бері тыныш ұйқыны ұмытқан қазақстандық медицина қызмкеткерлері де бар. Солардың бірі елордадағы көпбейінді медицина орталығы инфекциялық изоляторының аға медбикесі Зәуреш Жылқыбаева деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Зәуреш Жылқыбаева. Фото: Медбикенің жеке мұрағатынан/Sputnik Қазақстан
Зәуреш Жылқыбаева. Фото: Медбикенің жеке мұрағатынан/Sputnik Қазақстан: Depositphotos

Төрт баланың анасы Зәуреш Жылқыбаева соңғы рет үйіне 20 наурызда барған, содан бері жақындарымен тек телефон арқылы сөйлеседі.

"Алғашқы күндері отбасымды қатты сағынып, изоляторға үйренісе алмадым. Үнемі кеткің келіп тұрады, іштей "үйге барып келсем ғой, шіркін" деп армандайсың. Бірақ кәсіби міндет пен азаматтық борыш деген бар. Дәрігер мамандығын кезінде өзіміз таңдадық, жауапты қызмет екенін біле тұра бет бұрдық. Ешкім бізді мәжбүрлеген жоқ. Сондықтан қалағаныңды істеп, жауапкершіліктен қашуға болмайды", - деген медбике жұмыс күнін әңгімеледі.

Инфекциялық изоляторда ақхалаттылардың жұмыс күні таңғы алтыдан басталады.

"Мені аға мейірбике етіп жібергендіктен, мен ешкіммен ауыса алмаймын.  Басқа медбикелер, тазалықшылар бір тәулік істеп, екі күн демалады. Инфекционист дәрігерлер де ауысыммен жұмыс істейді. Карантин болғандықтан, ешкім ешқайда шықпайды. Бәрі осы жерде тұрады", - дейді ол.

Ұйқыдан ояна салысымен, бүгін атқарылатын жұмыстар пысықталады. Дәрігерлер түнде қанша науқас түскенін қарайды, қаншасы ауруханадан шығарылатынын айтады. Содан кейін ғана барып сағат 10.00-11.00-ге қарай таңғы асқа отырады екен.

Осыдан кейін қас қарайғанға дейін тағы жүгіріс.

Медбикелер вирус жұқтырған науқастардың қан қысымын, дене қызуын уақытылы өлшеп тұрады. Бес мезгіл тамақ береді. Санитарлар палаталарды күніне екі рет жуып-тазалайды. Кешке қағаз жұмысы тағы бар.

"Жұмыс кестеміз тығыз. Демалыс дегенді ұмыттық. Далаға шығып, таза ауа жұтуға да қол тимейді. Оның үстіне, аурухананың жан-жағы жабық, күзет тұр. Тек терезені ашып, "күн бүгін тамаша екен" деп қарап қоямыз", - дейді Жылқыбаева.

Еңбек өтілі – отыз бес жыл, ал жұқпалы аурулар ауруханасында істеп жатқанына он жылдан асқан медбике бұл ауыр күндер де артта қалатынына сенімі мол.

"Қиындық әр уақытта болады. Он жыл ішінде неше түрлі жұқпалы дертпен күрестік. Ауруханада науқастарға орын жетпей қалған кездер де болды. Аурудың алдын алып, тазалық сақтамаса, кез келген инфекция қауіпті. Тіпті, қол жуудың да өз ережесі бар. Өкінішке қарай, кейбір адамдар коронавирустың қаупін әлі де түсіне алмай жүр. Неге біз үйде отыруымыз керек деп шулайды. Құдай қаласа, бұл ауыр сынақтан да өтерміз", - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін вирустың алғашқы жағдайы тіркелген кезден бастап үйіне бармаған тағы бір елордалық ақ халатты Құралай Мырамытова жұмысы жайлы айтып берген еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1850349-eskim-eskajda-sykpajdy-elordalyk-medbike-infekcialyk-izolatordagy-bir-knin-gimeledi.html