Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үй бетін көрмей коронавируспен күресіп жүрген елордалық дәрігер жұмысы туралы айтты

Опубликовано:

Елордалық инфекционист дәрігерлер медицина мекемелерінде "оқшауланып" жұмыс істеп жатыр, ауруды жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан олар әзірге жақындарымен жүздесе алмайды. Солардың бірі Нұр-Сұлтан қаласы көпсалалы медициналық орталығының инфекционисі Құралай Мырамытова деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Құралай Мырамытованың жеке мұрағаты
Фото: Құралай Мырамытованың жеке мұрағаты: Instagram

Дәрігер болып жұмыс істегеніне 10 жыл болған инфекционист жұмысы мен науқастар жайлы айтып берді.

"Біз күндіз-түні коронавирус жұқтыру ошағында жұмыс істейміз, жеке инфекциялық блокта індетке шалдыққан науқастар жатады. Вирустың алғашқы жағдайы тіркелген кезден бастап үйге бармайтын болдық, себебі біз де науқаспен байланыста болып, вирус тасымалдаушы болуымыз мүмкін", - дейді дәрігер.

Айта кетейік, дәрігерлер инфекция тасымалдаушы бола алатындықтан, оларға туыстарымен кездесуге тыйым салынған, ақ халаттылар тек телефон арқылы сөйлесе алады. Үш баланың анасы Құралай Мырамытова солай жасауға мәжбүр.

"Ұлдарым 2 және 13 жаста, қызым 8 жаста. Балалармен видеосыз тек телефон арқылы сөйлесуге тырысамын – бұл мен үшін өте ауыр, жылай бастаймын. Балалар да, әрине, сағынады. Осындай сәтте көмек көрсетіп жатқан туыстарыма алғыс айтамын. Алайда оларды тезірек көргім келеді", - деді Мырамытова.

Маман жұмыс кестесі туралы да айтып берді.

"Бізде дәрігерлер жетерлік, сондықтан ауысыммен жұмыс істейміз. Кезекшіліктен кейін міндетті түрде 12 сағат демаламыз. Ең бастысы – блоктан шықпау. Сондықтан осы жерде тамақтанып, осында ұйықтаймыз", - дейді дәрігер.

Ол медицина қызметкерлері қажетті киім-кешекпен толық қамтамасыз етілгенін жеткізді.

"Науқаспен қарым-қатынаста болғаннан кейін әрбір 2-3 сағат сайын бір реттік киімді ауыстырамыз. Дезинфекция хаттама бойынша жүргізіледі", - деп атап өтті Құралай Мырамытова.

Дәрігер жұмыстың ауырлығы туралы да баяндады.

"Беті көгерген Қытай дәрігерінің видеосы естеріңізде ме? Бізде де дәл солай. Өкінішке қарай, бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Кейде респиратор астынан әдеттегі медициналық бетпердені тағамыз, солай сәл жеңілдеу, алайда тыныс алу қиындап кетеді", - дейді ол.

Қазіргі уақытта елімізде коронавирустан айығып 24 науқас ауруханадан шықты. Олардың көбісі ҚұралайМырамытова жұмыс істейтін көпсалалы медициналық орталықта емделген. Дегенмен вирус жұқтырғандар саны күн сайын өсіп келеді.

Дәрігер осы орайда, қазақстандықтарды үйде отыруға, карантин ережелерін сақтауға шақырды.

"Үйде отырыңыз! Мен адамдардың қанша проценті бұл аурудың күрделі екенін түсінбей отырғанын білмеймін, тіпті менің туыстарымның арасында да күмәнмен қарағандар болды. Шындыққа сенбей, карантин ережелерін сақтамай, қонаққа барып жүрген адамдардың кесірінен науқастардың саны артуы мүмкін",- деп сөзін қорытындылады ол.

Еске сала кетсек, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда науқастардың саны сәуірде 3,5 мыңға жетуі мүмкін екенін айтқан.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1848314-j-betin-krmej-koronaviruspen-kresip-zrgen-elordalyk-driger-zmysy-turaly-ajtty/

pixel