АИТВ инфекциясы туралы нені білу қажет: Мамандар жауап берді
Жарияланған күні:
Әр түрлі дереккөздерде, оның ішінде медициналық емес дереккөздерде АИТВ туралы ақпараттардың мол болуына қарамастан, әлі күнге дейін халық арасында АИТВ инфекциясы мен ЖИТС туралы бұрмаланған түсінік қалыптасқан. Біз Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандарының жауабын алып, АИТВ жөнінде жиі қойылатын сұрақтар топтамасын жасадық.
Мен өзімді жақсы сезінемін, ешқашан есірткі пайдаланған емеспін, маған не үшін АИТВ-ға тексерілу керек?
АИТВ-инфекциясының тек осы ауруға тән айрықша белгілері мен симптомдары болмайды және ол зертханалық тексеру кезінде, атап айтқанда адамның қанын талдау кезінде анықталады. АИТВ-оң статусы бар адам өзінің жұқтырғаны туралы күдіктенбеуі мүмкін, мұндай жағдайларда АИТВ қосалқы аурулардың бірігуінен кеш анықталып жатады.
Әлемде әрбір 5 минут сайын 10 адам АИТВ жұқтырса, оның ішінде 8-і жыныстық жолмен жұқтырады. Жыныстық қатынас халық арасында инфекцияның тез таралуына ықпал етеді. Бір рет болса да қорғалмаған жыныстық қатынасқа түскен және өз серіктесінің АИТВ-статусы туралы білмейтін барлық адамдар тәуекел аймағына жатады. Демек, оның есірткі қолдануына немесе қолданбауына қарамастан, жыныстық қатынаста өмір сүретін кез келген адамға – инфекция жыныстық жол арқылы жұғуы әбден мүмкін.
Сіз әлі де АИТВ-ға тест қажет емес деп ойлайсыз ба? Есіңізде болсын, адамның сыртқы келбетіне қарап оның АИТВ-статусы туралы айту мүмкін емес, жыныстық серіктестің жағымды келбеті теріс-статусқа кепілдік бола алмайды. Тіпті АИТВ-статусы белгісіз адаммен бір рет жыныстық қатынас – инфекцины жұқтыруға әкеп соғуы мүмкін.
Егер адамда АИТВ-оң болса, демек ол адамда ЖИТС бар ма?
Жоқ, адамдағы АИТВ-ның оң нәтижесі міндетті түрде ЖИТС-тың бар екендігін білдірмейді. ЖИТС – бұл ауыр асқынулар пайда болған кездегі АИТВ-инфекциясының соңғы, терминалды сатысы. Қазіргі уақытта ретровирусқа қарсы емдеудің және тұрақты медициналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясының ЖИТС сатысына өтуі бәсеңдеп отыр.
Бүгінгі таңда АИТВ-инфекциясы – бұл созылмалы аурулар қатарында, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар, емге бейімділігі жоғары болғанда өзін жақсы сезініп, жұмыс істеп, әртүрлі хоббимен айналысуы мүмкін, сондықтан тиімді ретровирусқа қарсы терапия ЖИТС сатысына өтуге жол бермей, аурудың бастапқы сатысында дамуын тоқтатуға мүмкіндік беріп отыр.
АИТВ-инфекциясы емделмейді дейді, онда дәріні не үшін қабылдайды?
АИТВ инфекциясын емдеу міндетті түрде жүргізілуі керек. Иә, АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған ретровирусқа қарсы препараттар ағзаны вирустан толығымен арылтпайды, бірақ олар адамның иммун тапшылығы вирусының көбеюін тоқтатады, сол арқылы аурудың дамуын толық бақылауға және асқынуларға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Емдеудің арқасында қандағы вирустың саны белгісіз деңгейге дейін төмендейді және АИТВ-инфекциясы бар адамдар ұзақ өмір сүріп, жұмыс істеп, оқу оқып, отбасын құрып, дені сау баланы өмірге әкеле алады. Емдеу ерте басталса, АИТВ-мен өмір сүру ұзақтығы да ұзағырақ болады.
Дер кезінде басталған ретровирусқа қарсы терапия және препараттарды қабылдау тұрақтылығы адамның иммундық жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын және вирустармен күресетін CD4 және CD8 жасушалардың оңтайлы саны мен арақатынасын сақтауға көмектеседі. Емдеу болмаған кезде, қанда вирустың қарқынды, бақыланбайтын көбеюі орын алады және вирус біздің иммундық CD4 жасушаларымызды пайдалана отырып олар жүздеген мың көшірмесін жасап көбейеді.
Нәтижесінде CD4-жасушаларының саны біртіндеп азаяды, иммунитет «төмендейді», адам ағзасы қарапайым вирустарға, бактерияларға, зеңдерге қарсы тұра алмайды, егер емдеуді ерте бастамаса, АИТВ-инфекциясының ЖИТС сатысына өтуіне қайталама инфекциялар қосылып, өлімге әкеп соғуы мүмкін. Тиімді ретровирусқа қарсы емдеу АИТВ-ның басқа адамға берілуін болдырмайды және РҚТ қабылдайтын адам басқа адамға жұқтырудың көзі бола алмайтындығы дәлелденген.
Презервативтер вирусты өткізіп, АИТВ жұқтырудан қорғамайды деген рас па?
Бұл жалған. Презервативтер АИТВ инфекциясының және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алудың тиімді және қолжетімді құралдарының бірі болып табылады. Презервативтерде микропорлар жоқ, олар латекстен жасалады, латекс сұйықтықты өткізбейді, демек, онда ол вирусты өткізбейді.
Халықаралық зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, АИТВ індеті пайда болған уақыттан бастап презервативтер 45 миллионға жуық жаңа жұқтыру жағдайларының алдын алды.
АИТВ қалай беріледі? Әдеттегіден тыс берілу жолдары бар ма?
АИТВ ауа арқылы берілмейді, қол алысу және таяныштардан, тұтқалардан, есіктердің тұтқасынан, ажыратқыштардан, т.б. ұстау арқылы берілуі де мүмкін емес. Вирус тек қана үш жолмен ғана берілуі мүмкін: қан арқылы – парентеральды жол, қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде – жыныстық жол және жұқтырылған анадан балаға берілу – АИТВ жұқтырудың вертикальды жолы. АИТВ басқа жолдармен берілмейді. Сонымен қатар вирус масалардың шағуы арқылы берілмейді.
Масалардың кейбір түрлері жұқпалы ауруларды таратушылар болуы мүмкін, бірақ оның АИТВ-ға ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ АИТВ-ның тамақ өнімдері, сусындар, көкөністер мен жемістер, оның ішінде банандар мен апельсиндер арқылы берілуі мүмкін емес. Адамның иммун тапшылығы вирусы адам ағзасында, оның биологиялық сұйықтықтарында өмір сүреді, ал адам ағзасынан тыс жерде, яғни сыртқы ортада тез өледі.
Біз нақты қауіп-қатерді жиі байқамаймыз және АИТВ жұқтыруға жол бермеуге көмектесетін қарапайым ережелерді елемейміз. Біз АИТВ туралы ойдан шығарылған жалған фактілерге сенгішпіз, бірақ дәрігерлердің кеңесін орындауға енжарлық танытамыз. Аман-сау болайық!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1851692-aitv-infekciasy-turaly-neni-bilu-kazet-mamandar-zauap-berdi/