"Гарант 24 ломбард" ісі: Басты күдікті Молдовадан Ақтөбеге экстрадицияланды
Жарияланған күні:
Елді дүрліктірген қаржы пирамидасына қатысты басты күдікті Молдовадан Ақтөбе қаласына экстрадицияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
30 сәуірде Қазақстан ішкі істер министрлігі Молдова Республикасынан А.П. Мырзабековты экстрадициялауды жүзеге асырды.
Ол Қазақстан ІІМ-нің сұрау салуы бойынша 27 ақпанда Молдова астанасында ұсталып, Кишинев қаласының тергеу изоляторына қамалған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, А. Мырзабеков “Гарант 24 Ломбард” ЖШС-нің құрылтайшысы болып табылады. Сондай-ақ ол “ЕSTATE Ломбард” және “Выгодный займ” деп аталатын екі ұйымның қылмыстық әрекеттеріне басшылық жасаған.
Жоғарыда аталған барлық компаниялар Қазақстан аумағында қаржы пирамидаларын құрып, олардың алаяқтық схемасынан ондаған мың қазақстандық зардап шекті.
Қазақстан полициясы Мырзабековты экстрадициялауды Бас прокуратураның және Сыртқы істер министрлігінің көмегімен жүзеге асырды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеуді ІІМ Тергеу департаменті жүзеге асыруда. Тергеу-жедел тобына барлық аумақтық полиция департаменттерінің қызметкерлері кірді.
Қаржы пирамидаларын құруда Ақтөбе өңірі орталық рөлін атқарғанын және ұйымдастырушылардың осы облыстың тумалары болып табылатынын ескере отырып, тергеу амалдары олардың қатысуымен Ақтөбе қаласында жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, аумақтық бөліністердің тергеушілері алданған салымшылар мен ұрланған қаражатты анықтау бойынша жұмысты жалғастырды.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдарына 8 мыңға жуық азамат өтінішпен жүгінген, келтірілген шығын 10 млрд. теңгеден асады. Зардап шеккендерден өтініштер әлі де түсіп жатыр.
42 күдікті адам анықталды, оның 19-ы сот санкциясымен қамауға алынып, сегізі іздестіріліп жатыр.
Тағы бір күдікті – А. Ысқақов қаржы пирамидасының белсенді қатысушыларының бірі, тергеуден қашқан ол Қырғызстан республикасында бой тасалаған еді. Ол Бішкек қаласында ұсталып, 20 сәуірде Қазақстанға экстрадицияланды. Қылмыстық істерді тергеу барысы ІІМ басшылығының ерекше бақылауына алынды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1853903-garant-24-lomabard-isi-basty-kdikti-moldovadan-aktbege-ekstradicialandy/