RU

"Иә, вирус бар екен": № 12 қалалық емхананың провизоры коронавируспен қалай күрескенін айтып берді

Коронавирус инфекциясын жұқтырған № 12 қалалық емхананың провизоры Манат Әлмаханова қауіпті вируспен қалай күрескенін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

12 сәуірде емхана қызметкерінің тамағы жыбырлай бастаған. Бала кезінен созылмалы ангинасы болғандықтан, Манат Әлмаханова ескі ауыру деп қамсыз жүре берген.

Бір күн өткен соң келесі күні денесі тоңып, қалтырап бірден қызуы көтерілген. Алайда өзі провизор болғандықтан, қолда бар препараттардың барлығын іше бастаған. Бірақ қанша дәрі ішсе де, олар көмектеспеген.

Ал бірнеше күн өткен соң арқасының өкпе тұсы ауыра бастаған. Манат сол кезде ғана қорқыныш сезімі пайда болғанын айтады.

"Сәрсенбі күні жұмыста тест тапсырдым. Тест нәтижесі күмәнді болды. Сол үшін маған ПТР талдаудан өту ұсынылды. Бейсенбі күні ПТР тапсырдым. Жұма күні жұмыста қалтырап, отыра алмай кеттім. Сенбі күні дене қызуым түсіп, тамағым ауырғаны басылғанымен, демікпе, жөтел пайда болды", – дейді ол.

Айтуынша, сенбі күні түнгі сағат 23:00 шамасында қызметтік чатқа "Әлмаханова Манаттың COVID-19 тест оң нәтиже көрсетті" деген хабарлама келген.

"Осы хабарламадан соң менің ұйқым қашты. Бойымды үрей, қорқыныш биледі. Жексенбі күні таңертең мені жедел жәрдем Алматы қаласы фтизиопульманология орталығына алып кетті. Сол жерде дәрігерлер маған емдеу курсын белгіледі. Рентгенге түскенімде нәтижесі таза болып шықты. Вирусқа қарсы Алувиа деген препарат іштім", – дейді Манат.

Вирусқа қарсы дәрі ауыр болғандықтан, пациентке кері әсері өте көп болған. Манат бірнеше күн бойы құсып, тамаққа тәбеті нашарлаған.

"Жүрегім айни берді. Сосын емдеуші дәрігер Алувиа препаратын бірнеше күнге тоқтатты. Ертесіне ұйқыбездің, бауыр жұмысын тексеру үшін тамырдан қан алды. Біраз күнде тәбетім қайта жақсарған соң дәріні қайта қосты. Осылай 10 күн өтті. 10 күннен соң тағы да жүрегім айнып, құса бастадым. Жағдайым жақсарып, жөтел, ентігу кетті. Бірақ, дәрілердің күші ішкі органдарыма әсер ете бастады", – дейді ол.

Ауруханада 15 күн ем алған соң Манат Әлмаханова қорытынды ПТР талдауын тапсырған.

"Талдау нәтижесі әлі вирус бар екенін көрсеткенде қатты күйзеліске түстім. Одан кейін 7 мамырда тапсырғанда тағы да тест нәтижесі қуантпады. Мен өзім осы вирустан өмірі құтыла алмайтындай күй кештім. Қорқыныш, үрей биледі. Психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды.
15 мамырда тағы қорытынды ПТР тапсырдым. Сол кезде тест нәтижесі теріс болып шықты. Екі рет қатар теріс нәтиже шыққан соң 16 мамырда мені ауруханадан шығарды", – дейді Манат Әлмаханова.

Пациент қазір үйінде 14 күндік карантинде жатыр. Қазір ол тағы да ПТР талдауын күтіп отыр. Нәтижесі теріс болып шықса, жұмысына оралмақшы.

Манат өзінің коронавирусты нақты қайда жұқтырғанын білмейді. Өзі қызмет ететін № 12 қалалық емханада одан бұрын коронавирус деген диагнозбен 7 адамды жедел жәрдеммен алып кеткен.

Ал шынымен вирус бар ма деп сұрайтындарға өз айтары бар.

"Ауруханада жатқанда көпшіліктің бір-ақ сұрағы болды. Шынымен вирус бар ма екен деген. Иә, вирус бар екен. Болғанда да жай ғана тұмау емес, өте ауыр болады екен. Байқасаңыз мен ауруханаға түскенде көктем болған. Қазір далада жаз. Ал мен әлі үйде қамалып отырмын. Үкімет беретін ақша үшін ауырып жатыр деген қауесет те бар. Бірақ мен айтар едім, басымнан өткен қиын ахуалды қанша ақша берсе де қайталамауға бар күшімді салар едім", - дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін коронавирус жұқтырып, одан жазылып шыққан оралдық инфекционист дәрігер жайлы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1858038-i-virus-bar-eken-no-12-kalalyk-emhanany-provizory-koronaviruspen-kalaj-kreskenin-ajtyp-berdi.html