Тәжікстанда пневмониядан көз жұмған науқастың ұлы дәрігерді өлімші етіп сабаған
Жарияланған күні:
Тәжікстанның Тұрсынзада қаласындағы инфекциялық ауруханада өткен сенбі күні кезекшілікте болған дәрігерді өлімші етіп сабап кеткен. Сол түні пневмониямен ауырған науқастардың бірі қайтыс болған деп жазады KAZ.NUR.KZ Centralasian.org қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігер-ревматолог Ёкуб Дададжоновтың айтуынша, ауруханада қарт науқас қайтыс болғаннан кейін, белгісіз екі ер адам оны өлімші етіп сабаған.
"Олардың марқұмға кім болып келетінін білмеймін. Олар бірден бізге қол көтерді. Өзге дәрігерлер мен медбикелер де таяқ жеп қалды. Мені басымнан ұрған. Есімнен танып қалғам. Көзімді ашсам, жансақтау бөлімінде жатырмын",- дейді дәрігер.
Дададжоновтың әріптестерінің айтуынша, оның миына зақым келген.
Жергілікті құқық қорғау органдары бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
Белгілі болғандай, күдіктілердің біреуі қайтыс болған науқастың ұлы болып шыққан. Екіншісі анықталып жатыр. Марқұм пневмониямен ауруханаға түскенге дейін қант диабетімен ауырған.
Ёкуб Дададжонов әзірге милицияға арыз жазбаған.
"Мен 30 жылдан бері дәрігер болып жұмыс істеймін. Дәл осындай жағдай басымнан өтеді деп үш ұйықтасам, түсіме кірмеді. Күзет бола тұра, олардың ғимаратқа қалай кіріп кеткені белгісіз. Олар бізді өлтіруі мүмкін еді",- дейді дәрігер.
Белгілі болғандай, шабуыл жасағандар дәрігерден кешірім сұраған.
Тәжікстанда соңғы мәлімет бойынша, 1700 медициналық қызметкерден СOVID-19 вирусы анықталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861666-tzikstanda-pnevmoniadan-kz-zmgan-naukasty-ly-drigerdi-limsi-etip-sabagan/