Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қолсыз айдай аламын": Елордада 3 баланы қаққан мас әйел құрбыларына мақтанбақ болған

Опубликовано:

Нұр-Сұлтан қаласында мас күйінде көлік айдаған әйел адам әпкелі-сіңілілі қыздар мен олардың бір жарым жастағы інісін қағып кетті. Олардың тағы бір бауыры жол апатының алдында жүргізушінің рөлді ұстамай-ақ көлік жүргізе алатынын айтып мақтанғанын естіген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден: UGC

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, қыздар оқиға болар сәтте серуендеп, үйге қайтып келе жатқан екен. Қолдарында 1,5 жастағы бала отырған қоларба болған. Көлік жоғары жылдамдықпен үшеуін де қағып кеткен. Оқиғаға куә болған қыздардың сіңлісі көлік тізгініндегі әйелдің сөйлеген сөздерін жаттап алыпты.

"Оның көлігінің терезесі ашық болды, "Қараңдар, мен қолсыз да айдай аламын" деп мақтанып келе жатқан, кейін соғып кетті", - дейді ол.

Қазір екі қыздың бірінің жағдайы орташа ауыр болса, екіншісі – ауыр халде, дәрігерлер оған тез арада операция жасау керек екенін айтты. Ал, кішкентай сәби де миынан жарақат алған, оның бас сүйегі мен жамбасы сынып, ауыр халде жатыр.

Ал зардап шеккен балалардың нағашы апасы Гүлжамал Мұхамеджанова әйелдің рөлге мас күйінде отырғанын түсінбей әлек.

"Қағынған әйелді де көрдік. Неге сонша ішеді? Кішкентай Самирдің екі аяғы да сынған. Көптен күткен баламыз небәрі бір жарым жаста. Қатты соққыдан баланың арбасы жақын тұрған көлік астына кіріп зақымдалған. Екі көліктің ортасында қысылып қалмағанына шүкір", - дейді Мұхамеджанова.

Еске сала кетсек, осыған дейін Нұр-Сұлтанда мас күйде көлік айдаған әйел екі қыз бен кішкентай сәбиді қағып кеткенін жазған болатынбыз.

Нұр-Сұлтан қаласының құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің хабарлауынша, 2020 жылдың 22 маусымында кешкі уақытта жеңіл көлік үш жаяу жүргіншіні қаққан, олардың арасында 2018 жылы туған бір кішкентай бала мен 2001 және 2002 жылы туған екі тұрғын болған.

Оқиға орын алған кезде Mazda көлігі Бейшековтен Қосшығұлұлы көшесінің бойымен келе жатқандығы белгілі болды. Бір уақытта көлік қарама-қарсы жолаққа шығып, тротуарда ттұрған үш адамды қағып кетті.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер түрлі дене жарақаттарын алған. Абырой болғанда олардың барлығы тірі. Келіп жеткен дәрігерлер үшеуін де ауруханаға жеткізуге шешім қабылдады.

Сол жерде жұмыс істеген тәртіп сақшылары Mazda жүргізушісінің қандағы алкоголь деңгейі алкогольдік масаңдықтың орташа деңгейіне сәйкес келетінін анықтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861931-kolsyz-ajdaj-alamyn-elordada-3-balany-kakkan-mas-jel-krbylaryna-maktanbak-bolgan/

pixel