Выйти
RU

Зиялы қауым өкілдері Тоқаевқа ашық хат жазып, елде төтенше жағдай енгізуді сұрады

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Еліміздің бір топ зиялы қауым өкілдері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды. Онда қоғам белсенділері коронавирус індетінің өршуіне байланысты президенттен Қазақстанда төтенше жағдай енгізуді сұраған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: NUR.KZ

Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Хатты мемлекет басшысына жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, жазушы, қоғам қайраткері Бейбіт Қойшыбай, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері Қазыбек Иса, жазушы-публицист, профессор Марат Тоқашбаев және әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлы жолдады.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз, бір топ зиялы қауым өкілдері елімізде COVID-19 індетінің, оның өзгеріске ұшыраған пневмониялық түрінің өршуіне байланысты Сіздің атыңызға үндеу жасауға мәжбүрміз.

Әлеуметтік желілерден түсіп жатқан деректерге қарағанда Қазақстан коронавирус дертінің таралуы жағынан әлемде бірінші орынға шыққан деген сөз жүр. Оның рас-өтірігін бір құдай біледі, бірақ соңғы аптада жұқпалы індеттен қаза болғандар саны да күрт артып бара жатқанын көріп отырмыз.

Журналистер мен жазушылар, мәдениет қайраткерлері арасынан аз уақытта аты белгілі қырыққа жуық адамның көз жұмғаны ахуалдың күрделеніп кеткенін көрсетеді.

Сонда қарапайым халықтың ішінде не болып жатыр? Бір ауылда бір күнде үш-төрт жаназа болып жатқаны жан шошытады. Бір отбасынан екі-үш адам, тіпті төрт адамға дейін қауіпті тажал тырнағына ілінгендері де кездесуде.

Ауруханалар болса лық толы, ауруларды қабылдамайды. Шақыртулардың көпшілігінен "Жедел жәрдем" үлгере алмауда. Аптекаларда – дәрі тапшылығы. Бар дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап барады.

Азық-түлік тауарларына да бағаның артып кеткенін байқап отырмыз. Халық коронавируспен күресте қауіппен бетпе бет қалып отыр. Жағдай бақылаудан шығып барады!
  • Қалыптасқан қиын ахуалға байланысты Сізден Қазақстан аумағында жедел түрде қайтадан Төтенше жағдай енгізуіңізді, карантиндік режимді күшейтуді, фармацевтика саласына бақылауды арттырып, дәрі-дәрмек тапшылығын жоюды, дәрі-дәрмек нарығында бағаны қолдан көтеріп отырғандарға қатаң жазалау шараларын қолдануды сұраймыз.
Үйде емделіп жатқандарға онлайн түрде орталықтандырылған дәрігерлік кеңес ұйымдастырылғаны да жөн болар еді. Сондай-ақ халыққа әлеуметтік көмек жасау мәселесі қарастырылғаны аса өзекті. Жұмысы тоқтап қалған шағын және орта кәсіпкерлік те мемлекет қолдауына мұқтаж. Қалайда пандемияға қарсы жедел шаралар қабылдануы қажет!", - делінген Қазыбек Исаның Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған хат мәтінінде

Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандар 47 171-ге жеткен. Өткен тәулікте тағы 1452 адамнан COVID-19 анықталған.

Еске сала кетсек, денсаулық сақтау министрі Алейсей Цой Қазақстанда қауіпті дерттен көз жұмғандардың саны 232-ге жеткенін мәлімдеді.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Зиялы қауым өкілдері Тоқаевқа ашық хат жазып, елде төтенше жағдай енгізуді сұрады