RU

"350 мың теңге": Елімізде жерлеу агенттіктері бағаны шарықтатып жіберген

Коронавирус инфекциясы мен пневмония елде өршіп тұрған уақытта жерлеу қызметін көрсететін агенттіктер бағаны шарықтатып жіберген. Қымбат қызметтің өзі сапалы көрсетілмейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасы сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Александр Коряков/Коммерсантъ
Фото: Александр Коряков/Коммерсантъ: Instagram

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, елордада басқа себеппен көз жұмғандарды жерлеу 200 мың теңге тұрса, Covid-19 вирусынан қайтыс болғандарға қызмет 300 мың теңгеден басталады.

Қала тұрғыны Татьяна Морозова жақында әкесі індеттен қайтыс болғанын жеткізді. Әйел асқар тауын ақтық сапарға шығарып салу үшін арнайы агенттікке 400 мыңға жуық ақша берген.

Оның сөзінше, уәде етілген қызметтің көбісі іс жүзінде орындалмаған.

Тіпті қабір қазғандар да оның жөнін білмейтін адамдар болып шыққан. Марқұмды көрші бейітте қызмет атқарған мамандар жерлеп тыныпты.

"Арнайы көлік қашан келеді деп күтіп тұрсақ, қарапайым жеңіл машина кеп тұр. Таксист екен. Вирустан көз жұмған адамды тасымалдайтынын білмейді де. Әлдебір танысы көмектесуді сұрапты. Бұл бассыздыққа шыдамай, агенттікке хабарласқанымда, өзіме ұрсып, қабіріңмен қоса төңкеремін деп қатты сөйледі", - деді Татьяна Морозова .

Айта кетейік, қазір жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық жамағат шақыруға рұқсат жоқ. Тек отбасы мүшелері ғана болса тіпті жақсы дейді молдалар. Олар біреудің қайғысынан пайда көргендерді айыптауда.

"Қазіргі кезде ондай болатын болса кәсіпкерлер осындай мұқтаждығын пайдаланып қазір қиын шақта өздерінің мына жұмыстарын өздерінің жанағы кәсібін халыққа көтеруіне біз қарсымыз біз оларды мүмкіндігінше бұл халыққа жағдай жасауға бағасын көтермеуге тіпті қайырымдылық мақсатында төмен түсіруге шақырамыз", - деді "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.

Соңғы дерек бойынша, елімізде 55 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды. Өткен тәулікте қауіпті дертті жұқтырған 1726 науқас тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864370-350-my-tege-elimizde-zerleu-agenttikteri-bagany-saryktatyp-zibergen.html