RU

Oтандық ғалым Covid-19-ға қарсы вакцина қашан пайда болатынын айтты

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында қызмет еткен Мақсұт Құлжанов коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қашан пайда болуы мүмкін екенін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Zhardem.kz
Фото: Zhardem.kz: Instagram

Ол өз болжамын журналист Бибігүл Жексенбайға әлеуметтік желідегі сұқбат барысында айтты.

Профессордың сөзінше, әлемді дүрліктірген вирус қолдан жасалмаған. Бұл табиғаттың құбылысы.

"Covid-19 – өте жұқпалы. Бір адамнан бір адамға тез жұғады. Бұл адамның ағзасын өте қатты зақымдайтын вирус. Мысалы тұмау адамның ағзасына қатты зақым алып келмейді. Бұл вирустың өзгешелігі – бұнымен күресу өте қиын және жаңа вирус болғаннан кейін ғалымдар да, медицина қызметкерлері ол туралы білген жоқ. Күн сайын, апта сайын осы вирустың қаншалықты қауіпті екенін біліп отырмыз. Бұл бір. Екіншіден, пандемияның төңірегінде әртүрлі әңгіме тарап жүр. Бірі фейк дейді. Әдейі қолдан жасалған деген пікір де басым. Көбісі жалған. Бұл вирустың шыққан уақыты – 2019 жылдың аяғы деп жарияланды. Мүмкін одан да ертерек шыққан болар. Алайда менің сенетінім – бұл вирус табиғаттан шыққан", - деді Мақсұт Құлжанов.
Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram

Медицина ғылымдары докторының сөзінше, алдағы 1-2 жылда адамзаттың бұл вирусты жеңуі қиын.

"Коронавирус адамзатқа келді – енді шықпайды деп ойлаймын. Тұмау сияқты бұнымен де қайта-қайта күресу керек. Бұл – бәрімізге ортақ сынақ", - деді сарапшы.

Ол коронавирусқа қарсы вакцина табу – алдағы екі-үш айдың жұмысы емес екенін алға тартты.

Құлжанов тарихқа талдау жасасақ, бір ауруға жаңа вакцина 8-10 жыл жасалады деп отыр.

"Әрбір институттың вакцина жасаудағы жұмыс сатылары болады. Бір сатыдан да аттап өтуге келмейді. Мүмкін кейбір ғылыми орталықтар осы кезеңдерді қысқартып шығаруы ықтимал. Бұл вакцина шығарудың этикалық зерттеулері де барын атап өту керек. Ең бастысы бұл екпе – адамға зақым келтірмеуі керек. Өте қиын шаруа. Қазіргі кейбір ғылыми орталықтар бұқаралық ақпарат құралдарына "вакцинаны тәжірибеден шығардық, клиникалық сатысына көштік" деп жариялап жатыр. Бірақ менің ойымша келесі жылдан ертерек вакцина шықпайды. Реалистік тұрғыдан қарағанда вакцина 2022 жылы дайын болуы мүмкін.
Әр елдің ғылыми орталықтары дәріні болсын, вакцинаны болсын сараптайды. Одан өтпеу мүмкін емес. Біздің елде де сондай жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында қызмет еткен Мақсұт Құлжанов.

Еске сала кетсек, осыған дейін ғалымдар коронавирус инфекциясын "өлтіретін" тағамдарды атаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865612-dds-kyzmet-etken-otandyk-galym-covid-19-ga-karsy-vakcina-kasan-pajda-bolatynyn-ajtty.html