Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кіммен жатсың": Індетпен күресе жүріп, күйеуінен қорлық көрген дәрігердің жайы елді алаңдатты

Опубликовано:

Отандық журналист Айнаш Есәлі бүгінде коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген ақ халатты жақынының өмірі жайлы баяндады. Оның айтуынша, науқастардың өмірімен арпалысқан дәрігер үйінде күйеуінің де қорлығына төзуге мәжбүр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Кіммен қонып жүрсің?" Коронавируспен күрескен дәрігердің күйеуінен көрген қорлығы
Көрнекі фото: ru.freepik.com: Getty Images

Журналистің айтуынша, ол осыдан біраз жыл бұрын туысының қызын оңтүстіктен Алматыға алып келген. Дәрігер болуды армандаған бойжеткен табандылық танытып, екі жылдан кейін медициналық институтқа түсіпті.

"Қыңқ демеді. Алматының шетінен сабаққа баратын ақша таппай, жаяу барған кезі де болды. Қарны ашқанда құрт сорып қана жүретін күндері болды. Сезем ғой. Бізге айта бермейді. 90 жылдары өзіміз де жетісіп жүрмеген едік. Сабақтан қалмай, 7 жыл оқыды",- деп жазды Айнаш Есәлі Facebook парақшасында.

Алайда, жеті жыл білім алған арудың өмірі дәл диплом алатын күні өзгеріп сала беріпті.

"Тура дипломын алатын күні әкесі ауылдан келіп, әдемі көйлегін әперіп, шашын сәндеп жібергенбіз. Дастарханды жайып, етімізді асып күтіп отырмыз. Қыз да жоқ, диплом да жоқ. Бір артық жүрісі жоқ дайын дәрігер кешікті, курстастарымен қуанып, тойлатып жүрген шығар деп сабырға бастық. Бірақ, ұйқы жайына қалды.

Сонымен ертеңіне хабаршылар жетті. Дипломы дайын қызды тапа-тал түсте, Алматының қақ ортасынан осы жақтың бір жігіті алып қашыпты. Жасы баяғыда 25-тен асып кеткен қыздың күйеулі болғанына әкесі мәз болып батасын бірден бере салған соң, реніш, ашуды ішімізге бүгіп отырып қалдық", - деді журналист.

Бүгінде сол жанұя үш бала тәрбиелеп отыр. Ал қауіпті індет басталғалы келіншек жұмыста түнеп, үйіне жете алмай жүр. "Әйелінің мамандығының маңыздылығын түсініп жатқан күйеуі де жоқ" дейді журналист. Керісінше, жары моральді тұрғыда шаршап жүрген келіншегін сұрақтың астына алып жүр екен.

"Мамандығы осы коронавирусқа тікелей қатысты болған соң, Алматыда ашылған алғашқы провизорлық орталықта дәрігер болып қалды. "Кейбір дәрігерлер бұл жұмыстан бас тартты. Жалақы сақталмайтын демалыс алып кетіп қалды. "Мен не істеймін деп ем, ол үндемеді. Кредитті қалай төлейміз?" деп бақ ете қалған соң жұмыста қалдым" деді сіңлім жыламсырап.

Бұлар індет жұқтырғандармен тікелей байланыста болғандықтан, өздері де оқшауланып жұмыс істеп келеді. Тіпті, 22 наурыз мерекесінен кейін 9 мамырдағы мейрамға дейін, одан кейін де үйлеріне жете алмай жүрді. КВИ- мен жұмыс істейтін дәрігерлер жұмыстан кейін студенттерден босаған жатақхана, бұрынғы туберкулез санаториі, қонақүйлерде қонып жүрген.

Ал күйеу бала кеш болса, ішіп алып: "Қайда қонып жүрсің, кіммен жатырсың? Телефонды қасыңдағы адамға бер!" деп әлек салатынын да естиміз. Мәдениетті түрде айтқанда. Үкімет сендерге беріп жатқан миллион қайда деп зіркілдейтіні бір бөлек. Жақын күндері сол дәрігер сіңлім еңіріп жазып жіберіпті. Жұмыстан жүйкесі тозған, кредит шаршатқан, балаларына дұрыс қарай алмайтындықтан, әбден торыққан. Дәл осылай күйініп тұрғанда біреу қолына уксус па, әлде асылып өлетін арқан ұстатса, өле кетуге дайын ашынған дауыс...

Ал әкесі де арақтан өлген күйеу баланың арақтан аузы босамайды. Сылқия тойып алғаннан бастап бауырымызды жеті атасына бастап сыбап, алмаған ақшасын санап, арағын қояды деген үмітпен әйелі кредитке әперген машинаны әр жерге соғып, жүзінші соткасын жоғалтып жүргені",- деді Айнаш Есәлі.

Журналист карантин кезінде індетпен тікелей байланыста жүмыс істейтін кейбір дәрігер әйелдерді күйеулері үйіне кіргізбей, далада, көлікте қонып жүргенін әкімдікке тікелей сұрақ етіп қойдық дейді. Олар ләм-мим демеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866126-kimmen-zatsy-indetpen-krese-zrip-kjeuinen-korlyk-krgen-drigerdi-zajy-eldi-aladatty/

pixel