RU

Оқушылар 7 қыркүйектен бастап мектепке бара ма: Министрлік жауап берді

Мектеп
Көрнекі фото: zakon.kz

Білім және ғылым министрлігі оқушылар 7 қыркүйектен бастап мектепке оралады деген қауесетке қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомство жауабын Zakon.kz сайтының ресми Telegram арнасы жариялады.

"Шешімді бас санитар дәрігер қабылдайтынын түсінуіміз керек. Қазіргі уақытта бастауыш сынып оқушылары кезекші сыныпта, санитарлық талаптары қатаң сақталған мектептерде оқи алады.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі шағын жинақты мектеп оқушыларына дәстүрлі форматта білім алуға рұқсат берді",- деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек.

Министрлік өзгеріс болған жағдайда міндетті түрде хабарлайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласында ZOOM платформасында математика пәнінен онлайн сабақ уақытында бесінші сынып оқушыларына порно көрсетілгенін жазған едік. Енді сабақтар Microsoft Teams платформасына ауыстырылмақ.

"3 қыркүйекте ZOOM платформасында 5 - сынып оқушыларын оқыту үдерісіне бөгде адамдар араласып, математика сабағын үзіп, балалардың компьютер экрандарына ұятсыз слайдтар мен балағат сөздер көрсеткен.

Ата-аналардан және мұғалімнен хабарлама алғаннан кейін мектеп әкімшілігі балалармен және ата-аналармен онлайн-кеңес өткізді, оқушылармен чаттар мен платформаларда жұмыс істеу кезінде этиканы сақтау туралы тәрбие жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, кешке ата-аналар балалардың ұялы телефондарын бөгде адамдармен байланысын білу үшін тексерді, бірақ ештеңе анықталған жоқ.

Сабақтарды өткізу Microsoft Teams платформасына ауыстырылды. Алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмас үшін полиция департаментіне хат жолданды",- деді білім беру басқармасында.

Ал Шымкенттегі 500 адамға арналған тойхана мектепке айналып жатыр.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1872704-okusylar-7-kyrkjekten-bastap-mektepke-bara-ma-ministrlik-zauap-berdi.html