Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттегі 500 адамға арналған тойхана мектепке айналып жатыр (фото, видео)

Опубликовано:

Фото
Фото: shym.restoran.kz

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желісіндегі парақшасында еліміздің үшінші мегаполисіндегі "Оңтүстік" атты салтанат сарайы мектепке айналып жатқанын мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Ол Шымкент қаласындағы 147 мемлекеттік мектептің 19-ы үш ауысымда екенін атап өтті. Шыңғыс Мұқанның сөзінше, жылына оқушылар саны 12 мың балаға артып отыр екен. Яғни, шаһарда мектеп жетіспеушілігі байқалуда.

Ал мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов: "Осы қазір тойханалар жабық. Қашан ашылатыны белгісіз. Солардың иелерімен сөйлесіңдер. Олардың бірқатарын қосымша білім беру ұйымдарына айналдырайық" деп тапсырма берген көрінеді.

Осы орайда Шыңғыс Мұқан мемлекет басшысының жолдаудағы коронавирустың тағы екі жылға созылу мүмкін деп айтқанын еске салды.

"Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Оған дейін халық тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырады деп ойлаймын. Үлкен тойханалардың сұранысқа бұрынғыдай ие болатынына күмәнім бар. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге баруға аяқ тартып қалған.

Осындайда Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? Мысалы, маңдайына "Салтанат" тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін", - деп жазды Шыңғыс Мұқан Facebook-те.
Фото
Фото: shym.restoran.kz

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары қаңырап бос тұрған зәулім тойханаларды қандай мекемеге ауыстыруға болатынын да көрсетті.

"Менің ойымша, тойханаларды ойханаларға ойналдырудың жолдары мыналар: • Coworking center • Жастар орталығы • Шығармашылық орталығы • Оқушылар сарайы • IT hub • Өнер сарайы • Домбыра орталығы • Шеберлер мектебі • STEM center", - деді ол.

Сөз соңында Шыңғыс Мұқан Нұрсәт ықшам ауданында орналасқан "Оңтүстік" атты салтанат сарайы мектепке айналып жатқанын жеткізді.

Оның сөзінше, бұл ауданда орналасқан 80-мектеп үш ауысымды.

"Салтанат сарайына бардым. Сарай десе сарай. Мұндай зәулім ғимаратты мектепке айналады деп кім ойлаған! Бірақ бұл әкімдіктің тапсырмасымен ашылған мектеп емес. Тойхана иесінің өз қалауы. Жарайсыз. Министрліктен лицензия алған.

Негізі тойханалар, әкім айтпақшы, қосымша білім беру ұйымдарына, жастар орталығы, коворкинг орталықтарға сұранып тұр.

Құрметті кәсіпкерлер, білім саласына қаржы салыңыздар. Табысы аздау болар. Балаларыңыздың болашағы жарқын болсын десеңіздер, білім саласына бас бұрыңыздар", - деп қорытындылады Шымкен қаласы әкімінің орынбасары.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тойхана иелеріне ерекше ұсыныс айтқан болатын.

Одан бөлек, елімізде тойханалар жаппай сатылымға шығарылғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872587-symkenttegi-500-adamga-arnalgan-tojhana-mektepke-ajnalyp-zatyr-foto-video/

pixel