RU

Лукашенко Путинмен келіссөз жүргізу үшін Сочиге барды

Путин Лукашенко 123
Фото: РИА Новости / Сергей Гунеев

Александр Лукашенконың ұшағы Адлер әуежайына қонды. Беларусь президенті ресейлік әріптесі Владимир Путинмен келіссөз жүргізеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мемлекет басшыларының арасындағы келіссөздер "Бочаров ручей" резиденциясында журналистердің қатысуынсыз өтеді. Олар Беларусьтің Ресей алдындағы мемлекеттік қарызын қайта қарау, одақтас мемлекет туралы келісім шеңберіндегі ықпалдастық мәселесін, сондай-ақ энергетика саласындағы бірлескен жобаларды талқылауға ниетті деп жазды РИА Новости.

Бұған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы хабарлағандай, кездесу барысында құжаттарға қол қою жоспарланбаған.

Айта кетейік, 8 қыркүйек күні Беларусь президенті Александр Лукашенко ресейлік БАҚ өкілдеріне ауқымды сұхбат берген болатын.

Іс-шараға халықаралық Russia Today телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян, "Первый канал" тілшісі Антон Верницкий және "Россия 1" телеарнасындағы "Вести" бағдарламасының жүргізушісі Евгений Рожков, сондай-ақ, "Говорит Москва" радиобекетінің бас редакторы Роман Бабаян қатысқан.

Сұхбат барысында Лукашенко қазіргі уақытта Беларусьті тек өзі ғана қорғай алатынын тілге тиек етті.

Еске сала кетсек, 9 тамызда Беларусьта президенттік сайлау өткен еді.

Сайлау нәтижесімен келіспеушілер жаппай наразылық акцияларына шыға бастады. 15 тамызда жоғары лауазымды шенеуніктер мен Лукашенконың қатысуымен арнайы жиын өткен.

Жиналыс кезінде Лукашенко Беларусьтегі митингтерге сыртқы күштердің әсер еткенін айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1874191-lukasenko-putinmen-kelissz-zrgizu-sin-socige-bardy.html