Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлемдегі беделді сән журналы домбырада ойнайтын қазақ қызына тәнті болды (фото, видео)

Жарияланған күні:

Маржан
Фото: marzhankapsamat / Instagram

Әлемдегі ең беделді сән журналдарының бірі VOGUE домбыраның құлағында ойнайтын қазақ қызына тәнті болып, ол туралы көлемді мақала жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Шетел журналы "Қазақ қызы Instagram желісінде Қазақстанның ұлттық аспабы мен ұлттық киімін қалай дәріптеп жүр" деген тақырыппен мақала жариялаған.

Онда Маржан Кәпсамат есімді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны жайлы бірқатар ақпарат келтірілген.

Маржан
Фото: marzhankapsamat / Instagram
"Маржан көне Қазақстанның жарқын бет-бейнесін Instagram желісінің заманауи әлеміне суреттер арқылы жеткізіп отыр. 23 жастағы бойжеткен желі парақшасында қазақтың ұлттық аспабы домбыра мен жетігенде ойнауымен танымал", - деп жазған журнал.

Шетелдік басылым бойжеткеннің Алматыдағы Шымбұлақта, Ақмола облысындағы Көбейтұзда түскен видеоларымен өз сайтында бөліскен.

"Мына бейнебаянда Маржан Кәпсамат ұлттық қазақ киіміне заманауи сипат беріп, жергілікті Kunkei лейблінің көйлегі мен қымбат безендірілген бас киім - сәукелені киіп түскен. Қазақ қыздары бұл бас киімді қалыңдық ретінде киеді (бас киім әдетте күмістен жасалып, салмағы бір келіге дейін барады). Бұл сәт ұлттық сән үлгісін жаңа әлемде қайта жаңғыртып, домбыраны цифрлық заманның назарына ұсынады", - деп бойжеткеннің сән үлгісіне баға берді журнал.

VOGUE Маржанның өмірбаянына да тоқталып өткен. Басылым мәліметіне сәйкес, Маржан бала кезінен домбыраның құлағында ойнайды, музыкалық жанұяда дүниеге келген. Бойжеткеннің әкесі де домбырада ойнап, дәстүрлі қазақ әндерін шырқайды.

"Қазақстан Кеңес үкіметіне өткен сәттен бастап көптеген қазақ орысша сөйлеуге көшкенімен, Маржанның отбасы қазақ тілінде сөйлеп, өз ана тілін қолдауға тырысты... Ал бүгінде бойжеткен домбырада тек қазақтың ұлттық киімін киіп ойнауға тырысады", - деп жалғастырды мақала авторы.

Мақалада қазақтың ұлттық аспабы - домбыраның тарихына тереңінен тоқталған. Одан бөлек, бойжеткеннің ұлттық киімдерін жан-жақты талқылаған шетел басылымы бойжеткеннің сөздерін де мақаласында келтіріпті.

"Мен әлемге біздің ел мен біздің аспапты таныстырғым келеді. Арманым мен мақсатым - домбырамен әлем шарлау. Мен домбырамен өзімді еркін сезінемін және оны мақтан тұтамын", - деп ойын ортаға салған Маржан.

Еске салсақ, бұған дейін біз ат құлағында ойнайтын отандық каскадерлар Диснейдің "Мулан" фильмінде бой көрсеткенін жазған едік.

Одан бөлек, қазақстандық әнші Данэлия Төлешова America’s Got Talent шоуының жартылай финалында тыңдармандарын тағы бір мәрте тәнті еткенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1874966-lemdegi-bedeldi-sn-zurnaly-dombyrada-ojnajtyn-kazak-kyzyna-tnti-boldy-foto-video/