Ақмола облысының тағы үш ауданында құстар қырыла басталды
Жарияланған күні:
Ақмола облысының тағы үш ауданында құстар қырыла басталды. Құстардың қандай себеппен қырыла бастағаны әлі белгісіз деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әңгіме Ақмола облысының үш ауданы – Зеренді, Бұланды және Целиноград жайлы болып отыр, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Бұл аудандардағы құстардың қырылу себебі зертханалық зерттеулерден кейін белгілі болады, зерттеу қазір Нұр-Сұлтанда жүргізіліп жатыр.
Карантин әзірге облыстың бір ғана ауылында, яғни Жарқайың ауданындағы Шойындыкөл ауылында жарияланды. Қазір сол жерде астанадан арнайы жасақ жұмыс істеп жатыр, дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.
Ветеринарлардың айтуынша, құс фабрикаларында жағдай тұрақты.
"Клиникалық жағынан қарағанда, бұл құс тұмауына ұқсамайды. Одан басқа да Ньюкасл деген аурулар бар жергілікті жерде кеңінен тараған. Сол ауру ма деп тұжырымдап отырмыз. Зертхананың нәтижесі оны көрсетеді", – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жүнісов.
Еске салсақ, Қостанай облысының бірден үш ауылында карантин енгізілді. Құс тұмауын Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық растаған болатын.
Сондай-ақ, COVID-19 пандемиясы аясында құс тұмауының таралуы қазақстандықтарды мазалағаны белгілі. Көбісі ауру тіркелген өңірлердің карантинге жабылуынан қауіптенуде. Бұл ойға қатысты ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі пікір білдірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875711-akmola-oblysyny-tagy-s-audanynda-kstar-kyryla-bastaldy/