RU

Ертаевпен байланысты "Алмателдің" бас директоры қамауға алынды

Александр Гадалов
Фото: cableman.ru

Мәскеуде "Алмател" телекоммуникациялық компаниясының басшысы, ресейлік кәсіпкер Александр Гадалов алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Мәскеу қаласының жалпы юрисдикция сотының ресми порталына сілтеме жасап.

Соттың сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Гадаловқа қатысты тергеу Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 4-бөлігі 159-бабы, яғни ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған алаяқтық бойынша жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерге қатысты қамауға алу түріндегі алдын-алу шарасы қолданылды.

Егер ер адамның кінәсі дәлелденсе, оған 2 жыл бас бостандығын шектеуден бастап 10 жылға бас бостандығынан айыру және 1 миллион рубль айыппұл салу жазасы тағайындалады.

CNews басылымының хабарлауынша, Қазақстан Гадаловқа айып тағып отыр.

Ресейлік азаматты тұтқындау Алмател тобының бұрынғы бенефициары Жомарт Ертаевтың әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін екендігі атап өтілді.

Алмател бұған дейін Жомарт Ертаевқа тиесілі қазақстандық Alma Group компаниясына қарайды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін оңтүстік астанада бұрынғы қазақстандық банкир Жомарт Ертаев басты күдікті ретінде қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты сот басталғанын хабарлағанбыз.

Ол ірі көлемде қаржы жымқырды деп күдіктелді. Бас прокуратураның баспасөз қызметінде хабарланғандай, Жомарт Ертаевқа Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлімі 1-тармағы (Қызметтік жағдайын пайдаланып, тұлғалар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену және ысырап ету арқылы жымқыру) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік тағылуда.

Айта кетейік, Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлау ісі бойынша сот талқылауы аяқталды. Прокурор экс-банкир Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876093-ertaevpen-bajlanysty-almateldi-bas-direktory-kamauga-alyndy.html