RU

Ким Кардашьян армян-әзербайжан қақтығысына пікір білдірді

Кардашьян 654
Фото: instagram.com/kimkardashian

Америкалық модель Ким Кардашьян Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға байланысты Армения тарапына қолдау білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Lenta.ru-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы модель өзінің Instagram парақшасында мәлім етті.

Кардашьянның пікірінше, Армения Әзербайжанның негізсіз шабуылының және Бакудегі жалған ақпарат науқанының құрбаны болды. Ол жаңалықтарда көрсетілгендей, бұл оқиғаларды "қақтығыс" деп атауға келіспейді.

Америкалық жұлдыз тергеу жүргізу үшін өңірге халықаралық бақылаушыларды жіберуге, сондай-ақ шиеленістің ушығуына жол бермеу үшін халықаралық саяси және дипломатиялық шаралар қолдануға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Таулы Қарабақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Әзербайжанның бірқатар өңірінде соғыс жағдайы енгізілген болатын.

Ел парламентінің кезектен тыс отырысында соғыс жағдайын енгізу туралы шешім қабылданған. Кейіннен оны Әзербайжан президенті бекітті. Ал ішкі істер министрлігіне коменданттық сағат жариялау тапсырылды.

Еске сала кетсек, осыған дейін Таулы Қарабақта соғыс жағдайы енгізілгенін жазған едік.

Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Арменияның әуе күштері Қарабақпен шекарадағы елді мекендерді атқылағанын хабарлады. Осы мәліметтерге сәйкес, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Арменияның қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Қарабаққа әуеден шабуыл жасалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876524-kim-kardasan-arman-zerbajzan-kaktygysyna-pikir-bildirdi.html