RU

Қарағандыда жерге қадалған пышақтар жұрттың зәресін ұшыруда (видео)

Пышақ
Фото: ekaraganda.kz

Қарағандыда жерге қадалған пышақтар жұрттың зәресін ұшыруда. Мұндай жағдай өңірде жиі орын алатын көрінеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жақында қаланың Назарбаев даңғылындағы саябағында жұмыскерлер бес түрлі жерге қадалған 20 асүй пышағын тапқан. Олардың әрқайсысына жасыл лента екі рет түйіншектеліп байланған екен. Ал кейбіріне, тіпті шикі бауыр еті қадалған.

Одан бөлек пышақ айналасына тиындар шашылған. Телеарна тілшісі мұны кім және не үшін істеп жүргенін анықтауға тырысты.

Саябақ басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, бұл жайттан кейін олар саябақта жұмыс істеуге қорқып қалған. Наталья Ежова пышақтарды таба салысымен, бірден полицейлер шақыртуды дұрыс санаған. Ол пышақтарды өзі алып тастауға қорыққан екен.

"Жағымсыз әсерде қаласың. Мұның кімге керек екенін білмедім", - дейді басқарма қызметкері.

Тәртіп сақшылары оқиға орнынан жап-жаңа 20 асүй пышағын тәркілеген. Пышақтан ешбір адамның саусақ іздері табылмапты.

Мамандар жануардың бауыр етін сараптамаға жіберіп, мұны кімнің істегенін анықтауға тырысуда.

Екі жыл бұрын дәл осындай әдіспен 68 жастағы Қарағанды тұрғыны аяғындағы ауырсынулардан арылуға тырысқан болатын. Ол балалар алаңында 72 пышақты жерге қадап қойңан. Одан соң йелді "кіші бұзақылық" бабы бойынша жауапқа тартқан.

Оккультизм саласының маманы Луиза Исаевна осы жолы пышақтар өзге ниетпен қадалған болуы мүмкін екенін алға тартты. Айтуынша, пышақ бауыр етіне қадалып, лентамен байланған болса, ал қасынан тиындар табылған жағдайда, мұның бәрі дуалауға ұқсайды. Ол кәсіпкерлердің бірі дуаланған болуы мүмкін екенін болжады.

Маман бауыр еті ағзаның айнасы іспеттес екенін айтуда. Ал бұл жора адамның ішкілікке салынып, оның бизнесі өзгеге өтуі үшін жасалады екен. Луиза Исаевна мұндай дуалау қауіпті екенін және оған кіріскен адамның өз басына қиындықтар қайтып оралуы мүмкін екенін ескертуде.

Десе де, пышақты кім және нендей мақсатпен жерге қадағаны әзірге белгісіз.

Еске салсақ, бұған дейін біз Қарағандыда гүлзарларға пышақ қадап, елдің зәресін ұшырған 68 жастағы әжей ұсталғанын жазған едік.

Одан бөлек, Қарағандыда топыраққа 100-ден аса пышақ қадап кетушілерді жұрт шын-шайтанға теңегенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1876783-karagandyda-zerge-kadalgan-pysaktar-zrtty-zresin-syruda-video.html