RU

Жетісайда 100 жастағы әжей өмірінде бірінші рет жеке куәлік алды

Әжей
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысы полицейлері құжаттарын жоғалтып алған қарт тұрғынның құжатын қайта жасап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Айта кетейік, биылғы ақпан айында Жетісай ауданы Күрішті ауылының тұрғыны 99 жасқа келген Күлай Сүгірбаеваның осы күнге дейін жеке куәлік алмағаны анықталған еді.

Күлай әже өзінің барлық құжаттарын жоғалтып алған, соның салдарынан ұл-қыздары да құжатсыз жүрген. Полицейлер аталған қарт тұрғынның Жетісай ауданы полиция бөліміне өтініш білдірмегенін және көші-қон қызметіне жүгінбегенін айтқан болатын.

Осыған байланысты құжатсыз қарт тұрғынға тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасы ІІМ бұйрығына сәйкес ҚР азаматтығына құжаттандыру үшін бірінші кезекте полиция бөліміне барып өтініш жазуы тиіс екендігін түсіндірген.

Оған қоса ҚР азаматы екенін анықтау үшін өтінішхатпен бірге туу туралы куәлік, еңбек кітапшасы, білімі туралы аттестат, диплом немесе шаруашылық бойынша кітаптан үзінді көшірмелерін тапсыруы қажет.

Алайда, тексеру барысында әжейде жоғарыда көрсетілген құжаттардың ешқайсысы жоқ екені белгілі болды. Соған қарамастан Жетісай АПБ көші-қон қызметкерлері ҚР ІІМ талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, тұрғынға құжаттарын жинақтауға көмектесті.

2-3 ай аралығында сот шешімімен туу туралы куәлігі қалпына келтіріліп, дайын болды. Одан кейін жедел әрекет еткен полицейлер К.Сүгірбаеваның ҚР азаматтығын растау туралы өтінішхатын қабылдады.

20 күннен кейін тұрғынның жеке куәлігі даяр болды. Осылайша бір ғасыр жасаған әжейге жеке куәлігін әперу үшін тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды жүргізіп, көмек қолын созды.

Дайын құжатты ақжаулықты ананың шаңырағына барып, арнайы табыстады. Өз кезегінде жетісайлық 100 жастағы ана құжаттарын жасап берген полицейлерге алғысын айтып, батасын берді.

Естеріңізге сала кетейік, Йогамен айналысатын алматылық зейнеткер ағылшын тілін үйреніп алды.

Сондай-ақ, айта кетейік, Петропавл қаласының тұрғыны өзінің туған күні қарсаңында үшінші қабаттағы үйінің терезесінен құлап кете жаздады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1877937-zetisajda-100-zastagy-zej-mirinde-birinsi-ret-zeke-kulik-aldy.html