Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда қыз зорлаған банкир мен прокурордың туыстары жаға ұстатты

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Алматыда топтасып қыз зорлаған банктің топ менеджері мен бұрынғы прокурорға қатысты іс созылып барады. Жәбірленушінің қорғаушысы Жанна Оразбахованың айтуынша, жазасын алуы тиіс күдіктілер өз таныстарын араға салып, бостандықта қалудың бар амалын жасап жатыр. Тіпті, олардың туысқандары жәбірленушіге қоқан-лоққы көрсетіп, кешірім беруін талап етуде деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Атышулы істен кейін құқыққорғаушылар Қазақстандағы зорлық құрбандарын аңдушылар мен қысым көрсетушілерден қорғауды сұрайды.

"Іс кезінде жемқорлық белгілерінің көп екенін байқадық. Ақша беру, істі таныстары арқылы шешу жолдары қарастырылған. Тіпті, күдіктілерге көмектесетін адамдардың фамилиялары, оларға берілетін қаржы сомасына дейін талқылануда.
Мұның бәрі WhatsApp мессенджеріндегі жазбалар мен куәгерлер сөзі арқылы дәлелденіп отыр. Одан бөлек, банкирдің босап шығатыны оның достарына белгілі болған. Өйткені, аудан прокурорының күдіктіні босататыны күмән тудырмаған. Олар банкирдің босап шығатынын қайдан білді? Мұндай шешімдерді прокурор ғана қабылдайтынын ескерсек, бәрі өте күдікті көрінеді. Ал алдын ала бәрі анықталып қойса, жемқорлық емей немене?", - дейді жәбірленуші қыздың адвокаты Жанна Оразбахова.

Жәбірленушінің қорғаушылары бұл іске келгенде жемқорлыққа қарсы ведомство өкілдерінің үнсіз қалғанына ашулы.

"Маған түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, жәбірленушінің кешірім беруін талап ететіндер көп. Олар үнемі кездесуге шақырады. Біз әу бастан екі жақтың татуласуы мүмкін емес екенін айттық. Зорланған қыздың бір ғана талабы бар - екі зорлықшыны соттап, түрмеге отырғызу.

Қазір әлеуметтік желілерде түрлі жалған аккаунттар ашылып, жәбірленуші қызды қорлап, оны сексуалды бағыттағы қызмет көрсететін жеңіл жүрісті әйел ретінде көрсетуде. Зорлықшылардың туыстары онсыз да қорлық көрген қызды аңдып, үйіне бұзып кірмек болды.

Қылмыстық кодексте жәбірленушілерді қорғау заңмен қарастырылған. Бірақ бұл іс барысында мұны көрмей отырмыз. Топтасып қыз зорлағандар кейін жәбірленушіні аңдып, үнемі қоқан лоққы көрсетеді", - дейді адвокат Жанна Оразбахова.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматыда бұрынғы прокуратура қызметкері мен бұрынғы банк қызметкері бірлесіп қыз зорлады деп күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1878551-almatyda-kyz-zorlagan-bankir-men-prokurordy-tuystary-zaga-statty/

pixel