Әбдірайымов дүркіретіп туған күн жасамай, балалар үйінің тәрбиленушілерін қуантты
Жарияланған күні:
"Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов биыл туған күнін ерекше атап өтті. Эстрада жұлдызы өзге әріптестері секілді шоу-бизнес өкілдерімен дүркірете тойламаған. Ол жаңа жасын мейірім мен жылу аңсаған балалармен бірге қарсы алып, оларға арнайы дастархан жайып берген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бағлан Әбдірайымов 37 жасын ұлан-ғасыр той жасамай, отбасыға мұқтаж балалармен бірге атап өткен. Өнер иесі өз туған күнінде балалар үйінің тәрбиеленушілеріне дастархан жайып, оларды қонақ қылған.
Әншінің бұл бастамасына оның өнердегі және өмірдегі бірқатар достары да қосылғаны белгілі болды. Ғаділбек Жаңай, Ерғали Әбдірайымов, Ердос Қанаев, Дархан Шонбай, Дос Мәлік, Жігер Ауыпбаев, Ғазизхан Шекербеков және тағы басқа жақындары оны арнайы құттықтай келіп, ерекше қонақтармен танысып қайтқан.
Оған қоса, жұлдызды меймандар өз орындауындағы әндерді шырқап, кешке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шоу-бизнес жұлдызының жеке мерекесінің сыйлы қонақтары болып келген балалар оған өз ақ тілектерін айтып, керемет отырыс ұйымдастырғаны үшін алғысын жеткізген.
Бұл ерекше өткен туған күніне қатысты Әбдірайымовтың өзі де пікір білдіріп кеткен. Ол жаңа жасын қалай және кіммен қарсы алғаны туралы Instagram парақшасында айтып берді.
Өнер иесі аса әсерлі жазбасымен бөлісіп, желі қолданушыларын тәнті етті.
"Иә, Алла! Бүгінгі күніме шүкір еттім! Дүбірлетіп туған күнді атап өтсек те болар еді. Біз басқаша жасадық. Қуанышты күнді балалармен өткізгім келді. Жүрек жылады, көңіл толды, рух рахаттанды! Мейрім мен жылу аңсаған жандармен бірге болдық. Басынан сипап, бауырына басып, мейірімге бөлеп, сый-сыяпат жасаған, әуезді әнімен көңілді көтерген аға-бауырларға мың алғыс" , - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1880295-baglan-bdirajymov-drkiretip-tugan-kn-zasamaj-balalar-jini-trbilenusilerin-kuantty-video/